Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте Иран мен Израильде қалған қазақстандықтардың саны туралы айтылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, Ираннан 230, Израильден 66 қазақстандық эвакуацияланған.
"Біздің есебіміз бойынша, Иранда қазақстандық төлқұжаты бар 50-ге жуық адам қалды. Біз Иранда тұратын қазақтар туралы емес, Қазақстан азаматтығын алғандар туралы айтып отырмыз, олардың азаматтығы басқа. 50-ге жуық адам қалды, олардың басым көпшілігі сонда жұмыс істейтін біздің қызметкерлер", — деді Смадияров.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Израильде Қазақстанның 170 азаматы қалды.
"Олар елден әуежайлар арқылы шығып кете алады, бірақ елшіліктен көмек сұраса, біз міндетті түрде қол ұшын тигіземіз", — деді Айбек Смадияров.
Сыртқы істер министрлігінің өкілі қазақстандықтарды эвакуациялау қиынға соққанын айтады.
"Адамдарды соғыс аймағынан алып шығу оңай емес – мысалы, оларды Израильден автобуспен Мысырға жеткізді, ал ол жерден ұшақпен алып кетті. Ал Ираннан бірнеше бағыт бойынша – Әзірбайжан, Түрікменстан және Армения арқылы шықты.(...)
Қазір Иран мен Израильде жүргендер қатарынан әлі елшіліктерге хабарласпағандар болса, байланысқа шығуды сұраймыз, өзіңіз туралы – сонда қаласыз ба, әлде эвакуациялау қажет пе, соны айтуды өтінеміз", — деді Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.