Астанада TL-2000 маркалы жеңіл моторлы ұшақ апатқа ұшырады. Бортта болған екі экипаж мүшесі қаза тапты, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, ұшақ апаты бүгін, 2025 жылғы 22 маусымда сағат 11:30 шамасында болған.
"Жоламан әуеайлағы маңында (Астана қаласы) оқу-жаттығу ұшуын орындау барысында TL-2000 жеңіл моторлы ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ жеке тұлғаға тиесілі. Алдын-ала мәліметке сәйкес, бортта екі экипаж мүшесі болған, олар опат болды", делінген ведомство түсініктемесінде.
Қазіргі уақытта оқиғаны тергеп-тексеру үшін арнайы комиссия құрылды.
ҚР Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің қызметкерлері оқиға орнына аттанды.
2025 жылғы 12 маусымда Үндістанның Гуджарат штатындағы Ахмадабад әуежайында Лондонға бет алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ тұрғын үйлер орналасқан ауданға құлаған. Ол көтеріле салысымен жарылған. Бортта болған 241 адамның 240-ы қаза тауып, тек бір жолаушы – 40 жастағы британдық Вишвашкумар Рамеш тірі қалған. Ол ұшақтағы 11А орнында отырған. Ол қасындағы туған інісінен айырылды.