Ташкентте тарихи Алай базарының орталық алаңында бүкіл Орталық Азия өңірі үшін Travel + Leisure Central Asia атты жаңа халықаралық жобаның ресми тұсауы кесілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Журнал әлемге әйгілі, саяхат, мәдениет және өмір салты туралы жоғары сапалы контент ұсынатын америкалық Travel + Leisure бренді лицензиясы аясында жарық көреді. Іс-шара аясындағы басты назар — өңіраралық ынтымақтастыққа аударылды. Бұл бағыттағы нақты қадамдардың бірі ретінде Алматы облысы әкімдігі делегациясының қатысуы атап өтілді. Делегация шараға құрметті қонақ ретінде ғана емес, Орталық Азияның туристік әлеуетін ілгерілетудегі белсенді серіктес ретінде танылды.
Халықаралық деңгейдегі осы бастамаға Алматы облысының қатысуы өңірдің ашық, серпінді дамып келе жатқан және жаһандық туристік нарық үшін тартымды аймақ ретіндегі имиджін нығайтуға елеулі үлес қосады. Табиғи бай ресурстары, бай тарихи-мәдени мұрасы және сан түрлі туристік бағыттары арқылы Алматы облысы ішкі және шетелдік туризмді дамытуда маңызды орын алады.
Біздің өңір – Қазақстанның көркем әрі қарқынды дамып келе жатқан туристік аймағы. Мұндай ауқымды шараға қатысу біз үшін үлкен мәртебе. Біз экотуризмді, агротуризмді және заманауи мәдени демалыс форматтарын дамытудамыз. Өңіріміздің табиғи және мәдени байлығын әлем жұртшылығымен бөлісуге ұмтыламыз. Бұл жоба — өңірдің туристік әлеуетін дамытудағы маңызды қадам. Бұл жай ғана журнал емес, бұл — Орталық Азияның бай мәдениеті мен дәстүрі, табиғи әртүрлілігі арқылы әлемге терезе ашатын жоба. Travel + Leisure Central Asia — өңірдің бірегей рухы мен ерекшелігін жаһанға танытатын платформа, — деді Алматы облысы әкімінің кеңесшісі Самат Ахилбеков.
Жаңа басылымның бас редакторы Барно Икрамова Travel + Leisure Central Asia журналының басты миссиясы — заманауи Орталық Азияның келбетін қалыптастыратын үздік бағыттар, тұлғалар мен орындар туралы әлемге кеңінен таныстыру екенін атап өтті. BHH Enterprises директорлар кеңесінің төрағасы Бекзод Хамзаев бұл жобаның туризм мен мәдениетаралық байланыстарды дамытуға арналған тиімді платформа болатынын айтты.