Жамбыл облысы экономикасының болашағы зор әрі стратегиялық маңызды бағыттарының бірі – туризм. Қазақстанның туристік тұрғыдан тартымды өңірлерінің қатарында Жамбыл облысы айтарлықтай туристік-рекреациялық әлеуетке ие және бұл саланы әрі қарай дамытуға кең мүмкіндіктері бар, деп жазады El.kz интернет порталы өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2023 жылы өңір 199 мыңнан астам турист қабылдады. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 127 пайызға көп. Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 22,95 миллиард теңгені құрады. Биыл 25 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, бұл шамамен 350 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. 2024 жылы туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау аясында 16 кәсіпкер көмек алған. Ал биыл мұндай қолдау 18 туристік бизнес өкіліне көрсетіліп отыр.
Жыл соңына дейін облыста ең талғампаз саяхатшылардың қажеттілігін қанағаттандыра алатын екі заманауи туристік кешен ашылады. Олар – Жамбыл ауданындағы «Арзан Сити» жол бойы сервис кешені және «Таскөл» демалыс турорталығы. Сонымен қатар, Тараз қаласында «Тектұрмас» этнотарихи кешені аумағында «Көне қамал» нысанының құрылысы аяқталды.
Туризм – облыс экономикасындағы стратегиялық маңызды салалардың бірі. Сондықтан бұл салаға бизнестің және инвесторлардың қызығушылығы артып келеді. Біз кешенді жұмыстарды жүргізіп жатырмыз: инфрақұрылымды дамытудан бастап, туристік бағыттар құруға дейін, – деді облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев.
Бүгінде облыста 40 туристік нысан тіркелген. Солардың базасында 10 жаңа туристік маршрут жасақталған. Қосымша инфрақұрылым құрылысы да қолға алынған. Демалыс аймақтарына дейін 34,8 шақырым автожол және 40 шақырымнан астам газ құбырын тарту жоспарланған. Сондай-ақ, «Көксай», «Алмалы», «Таскөл» және басқа кешендерде кіреберіс жолдарды салу мен сервис сапасын арттыру шаралары жүргізіліп жатыр.
Өңірде туристерге арналған ақпараттық терминалдар орнатылып, цифрлық туризм элементтері белсенді енгізілуде. Бұл бастамалар өңірге келушілер санын арттыруға ғана емес, Жамбыл облысының бай тарихи-мәдени әлеуетін танытуға да жол ашады.
Бүгінде өңірдің барлық саласында жаңа серпін байқалады: өнеркәсіп жаңартылып, кәсіпкерлік дамып, инвестициялар белсенді тартылып жатыр, ал туризм экономикалық өсудің маңызды қозғаушы күшіне айналуда. Ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған Жамбыл облысы жарқын болашаққа сенімді қадам басып келеді.
El.kz сондай-ақ, соңғы үш жылда Қазақстанда экотуризм көрсеткіштері 40 пайызға өскенін хабарлаған.