Telegram желісінің иесі, 40 жастағы Павел Дуров алты ресми баласы мен донорлық ұрық арқылы дүниеге келген қалған балалары үшін байлығын тең бөлетінін жария етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ресейлік технологиялық кәсіпкер Павел Дуров өзінің миллиардтаған долларлық байлығын 100-ден астам баласының арасында тең бөліп беруді жоспарлап отырғанын француздың Le Point журналына берген сұхбатында баяндаған.

"Мен қайтыс болғаннан кейін олар бір-бірімен қырық пышақ болып қырылыспасын деймін", – деді Дуров.

Оның айтуынша, донорлық ұрық арқылы 12 елде 100-ден астам бала дүниеге келген, ал тағы алтауы – үш түрлі әйелден туған ресми мойындалған балалар.

Дуровтың айтуынша, ешбір баласы 30 жыл бойы мұра ала алмайды. Ол мұны балалардың өз өмірін өзі құрып, тәуелсіз тұлға болып қалыптасуы үшін жасап отырғанын жеткізді.

"Мен олардың қарапайым адамдар секілді өмір сүргенін, өз жолын өзі тапқанын, сенімді болуын және шығармашылықпен айналысқанын қалаймын. Олар банктегі есепшотқа қарап өмір сүрмеуі тиіс", – деді ол.

Миллиардер жуырда өз өсиетін жазып бітіргенін де айтты. Бұл қадамға не себепті барғанын түсіндіріп:

"Бостандықты қорғау – өзіңе жау табудың ең жылдам жолы. Оның ішінде күшті мемлекеттерде", – деді Дуров.

Қазір Дубайда тұратын 40 жастағы миллиардер өткен жылы Францияда ұсталған. Оған Telegram платформасында қылмыспен күресте жеткілікті шара қолданбады деген айып тағылған. Дуров бұл айыптауларды бірнеше рет жоққа шығарып, оларды "абсурд" деп атады.

"Қылмыскерлер біздің мессенджерді басқалармен қатар қолданғаны үшін бізді де қылмыскер деуге болмайды", – деп мәлімдеді ол.