Нью-Йоркте Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменовтің халықаралық жинағының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды 24KZ. «Жаңа замандағы қоғамдық басқару» атты кітапта мемлекеттік қызметтің болашағы, цифрландырудың ықпалы, сенімге негізделген саясат пен өңірлік реформалар кеңінен талданған .

Біріккен Ұлттар Ұйымындағы еліміздің тұрақты өкілдігінің ғимараты мәртебелі мейманға толы. Олардың барлығы жаңа кітаптың таныстырылымына арнайы келіп, жинақта талқыланған мәселелерге қатысты ойларын ортаға салды. Кітап Қазақстан Президентінің алғысөзімен басталыпты. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесі ХХІ ғасырда бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге тап болғанына айрықша тоқталып, кітапты әлемдік тәжірибені жинақтаған маңызды ғылыми еңбек деп сипаттаған.

Әлихан Байменов, Астана мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитетінің төрағасы:

- Біздің инновациялар, жаңа тәсілдермен қатар жалпы концептуалды түрде, доктриналдық түрде мемлекеттік басқару қалай дамып келе жатыр? Осы сұрақтарға оқтын-оқтын жауап іздеп тұру өте маңызды. Сондықтан да біз Астана мемлекеттік қызмет хабының аясында 19 мемлекеттен 37 авторды біріктіріп, бір жағынан теориялық сұрақтар, екінші жағынан іс жүзінде қалай дамып келе жатыр, осының бәрін қорытқан кітап шығардық.

Бұл Әлихан Байменов пен Панос Ливеракостың редакторлығымен жарық көрген үшінші кітап. Осыдан 6 жыл бұрын «ХХІ ғасырдағы мемлекеттік қызметтің үздік үлгісі» атты алғашқы жинақ басылып шыққан. Онда әлемдегі мемлекеттік басқарудың жаңа тәсілдері топтастырылды. Ал 2022 жылы шыққан екінші кітапта 90-шы жылдары тәуелсіздігін алған елдердегі басқару саласының қалыптасу жолына екпін берілген. Содан кейінгі пандемия, геосаяси шиеленістің ушығуы мен жасанды интеллектінің өмірімізге енуі басқару саласын едәуір өзгеріске ұшыратып, жаңа сынақтар мен мүмкіндіктер жайлы жаңа кітаптың шығуына ықпал еткен.

Гуидо Бертуччи, International Government Solutions ұйымының атқарушы директоры:

- Байменовтің қоғамдық басқару саласындағы тәжірибесі орасан. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі мамандардың басын қосып, осы кітаптың ішіне шетелдік кейстерді жүйелеп жинақтауы, оның дәл қазір жарық көруі өте маңызды дер едім.

Заманауи қоғамдық басқарудың үздік үлгілерін бөлісу арқылы жауапты, ашық әрі халыққа жақын мемлекеттік қызметті қалыптастыру. «Кітаптың миссиясы осы», – дейді автор.