Қазақстан аумағынан көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 72 шетелдік шығарылды. Олардың барлығы Астанада төрт күн ішінде анықталған, деп хабарлайды Zakon.kz.

2025 жылғы 16–20 маусым аралығында елордалық полицейлер "Заңсыз келуші" жедел алдын алу шарасын жүргізді.

"Іс-шара барысында шетел азаматтарының Қазақстан аумағында болу ережесін бұзудың 413 фактісі тіркелді. Сондай-ақ, шетелдіктерді қабылдау кезінде белгіленген талаптарды сақтамау, заңсыз еңбекке тарту және олардың ел аумағында болу тәртібін бұзу деректері бойынша 46 Қазақстан азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды", — деп мәлімдеді Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Нәтижесінде 72 адам елден шығарылды, оның ішінде 6 шетелдік сот шешімімен күштеп депортацияланды.

Бұған қоса, тексеру жүргізу үшін 109 шетелдік азамат қабылдап-тарату орнына уақытша жеткізілді.