Қазақстанда балаларға көрсетілетін медициналық көмекті қаржыландыру көлемі 2024 жылы 264 миллиард теңгеден 575,4 миллиард теңгеге дейін өсіп, екі есеге артты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қазақстан – Орталық Азиядағы туған сәттен бастап кардиохирургия қолжетімді жалғыз мемлекет. 2024 жылы дәрігерлер 1700-ден астам ашық жүрекке ота жасаса, соның 809-ы бір жасқа толмаған сәбилерге жасалған.
Қазіргі заманғы технологиялар мен неонаталдық реанимацияның дамуының арқасында салмағы өте төмен жаңа туған балалардың өмір сүру деңгейі 4 есеге өсті.
2026 жылдан бастап I–III дәрежелі есту қабілеті нашар балалар жергілікті бюджет есебінен есту аппараттары мен аудиопроцессорлармен қамтамасыз етіледі.
Онкогематологиялық көмекті дамыту аясында жыл сайын 5 мыңға жуық бала ем алады. Бұған дейін шетелге жіберіліп келген кейбір ем түрлері қазір Қазақстанда да қолжетімді болғандықтан, шетелге жолдама беру екі есеге қысқарған. Балалар арасындағы қатерлі ісік кезінде өмір сүру деңгейі 75%-дан асты.
Шұғыл көмек көрсету бағытында да айтарлықтай жетістіктер бар. Санавиация орталығы ауыр асқынулары мен жарақаттары бар 3 мыңнан астам әйел мен балаға қызмет көрсетті. 2024 жылы медициналық авиацияның мобильді бригадалары 750-ден астам ұшуды жүзеге асырып, оның ішінде 588 бала мен 165 жүкті әйелге шұғыл көмек көрсетілді. Жалпы, жыл бойы 647 бала мен 127 жүкті әйел тасымалданды.