ҚР Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының 5547-әскери бөлімінің әскери қызметшілері Қызылордадағы "Ескі базар" маңындағы тұрғын үйде шыққан өрт кезінде алғаш болып көмекке келді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Патрульдік кезекшілік кезінде әскери наряд полицияның Жедел басқару орталығынан үйде өрт шыққаны туралы хабар алған. Кезекші лейтенант Ернұр Әбілхан патрульдік қызметтегі Нұрдәулет Әдіхалық пен Ердоc Махмұдовпен бірге оқиға орнына шұғыл жеткен.

Үшінші қабаттың терезесінен қою түтін шығып жатқан. Өрт сөндірушілер келгенше сарбаздар тұрғындарды эвакуациялауға кіріскен.

"Біз келгенде бүкіл үйді қою түтін басып кеткен еді, күйік иісінен тыныс алу қиын болды. Бетімізді суланған орамалмен жауып, адамдарға сыртқа шығуға көмектестік. Сол сәтте бір ер адам кішкентай қызы мен жұбайының бесінші қабаттағы пәтерде қалып қойғанын, ал есікті өзі сыртынан жапқанын айтты. Кілтті алып, оларды да қауіпсіз жерге шығардық", — дейді лейтенант Ернұр Әбілхан.

Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ, тұрғындардың барлығы дер кезінде эвакуацияланды.