Мемлекеттік қызметке әлеуеті жоғары жастар қажет . Әсіресе мемлекеттік аппараттың бірнеше салалық кадры күш-жігері мен білімін жұмсайтын қызметкерлердің жаңа легімен толығуға тиіс. Осы мақсатта Мемлекет басшысы Президенттік жастар кадр резервін (ПЖКР) жасақтауды тапсырған еді. Қазір олардың саны жыл сайын артып, барлығы дерлік түрлі қызметке орналасқан.
Резервшілер 2019 жылдан бастап іріктеле бастады. Сол жылы 300 адамды бірден қабылдап, 2021 жылы – 50, 2023 жылы 50 жас Президенттік жастар кадр резервінің қатарына қосылды. Іріктеу екі жыл сайын өткізіледі. Биыл да 50 адам қабылданады.
Жалпы, мемлекеттік қызмет қол жетпейтін салаға айналмауға тиіс. Ел басқару ісіне озық ойлы, бастамашыл мамандар келуі қажет. Президенттің көздегені – осы. Қазір 400 резервшінің 80 пайызы қызметке орналасқан. Жастар кадр резервіне қабылданатын 35 жасқа дейінгі азаматтар кез келген уақытта лауазымды қызметке тағайындала алады.
«Қазақстан – балалар мен жастарға жан-жақты қолдау көрсететін әлемдегі аз елдің бірі. Президенттік жастар кадр резерві сұранысқа ие жобаға айналды. Келешекте мемлекетті басқарушылардың негізгі легі осы жас мамандардан қалыптасады. Саяси реформалар аясында Мәжіліс пен мәслихаттарда жастар үшін арнайы квота енгізілді. Бұл өкілдік билік қызметіне тың серпін берді. Осы жерге жиналған білімпаз, отаншыл жастар мәслихаттың немесе Парламенттің құрамына кіретініне, тіпті Үкіметте жұмыс істейтініне кәміл сенемін», деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа адамдар» жастар форумында сөйлеген сөзінде.
Президенттік жастар кадр резервінің биылғы кандидаттары алты салалық бағыт бойынша бақ сынайды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметіне сәйкес, іріктеу мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, инфрақұрылым, өнеркәсіп және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған орта, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам сынды негізгі салалар бойынша жүргізіледі. Кандидат тіркелу кезінде көрсетілген салалық бағыттардың бірін таңдауы қажет.
Осы жылдағы төртінші іріктеудің ерекшелігі де осы – әр бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу өткізілмек. Яғни резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізіледі.
Ал кандидаттарға қойылатын жалпы талаптарда өзгеріс жоқ. Бұған дейін өткізілген іріктеудің талаптары секілді кандидаттардың жасы 35-тен аспауы қажет, сондай-ақ жоғары білімді, бес жылдан кем емес еңбек өтілі және қазақ тілін меңгеруі В1 деңгейінен төмен болмауы керек.
Іріктеуге Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері жіберілмейді.
Негізі Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру тәсілдері отандық және шетелдік озық тәжірибені ескере отырып әзірленген. Іріктеудің бірқатар құралдары мен технологиялары Сингапур, АҚШ, Ұлыбритания, Канада секілді дамыған елдерде қолданылады. Сондай-ақ іріктеудің отандық тәжірибесі бірқатар елде таныстырылып, шетелдік сарапшылардың жоғары бағасына ие болған.