13-20 маусым күндері аралығында Будапештте ересектер арасындағы дзюдодан әлем чемпионаты өз мықтыларын анықтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы .

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы тарихи күміс медальға қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте 11-орынға тұрақтады. Чемпионаттың бірінші күні 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен қазақстандық спортшы Әбиба Әбужақынова финалға шығып, әйелдер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында ақтын сынға шыққан алғашқы қазақстандық атанған болатын.

Отандасымыз шешуші белдесуде ол былтырғы әлем чемпионатының финалисі, италиялық Ассунта Скуттоға (Assunta Scutto) есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды. Бұл күміс медаль – Әбужақынованың әлем чемпионаттарындағы үшінші жүлдесі. Бұған дейін ол 2022 және 2024 жылдары қола медаль иеленген.

Сондай-ақ, Ұлттық құрама сапындағы Мағжан Шамшадин (-60 кг) мен Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев (-66 кг) ширек финалға жетіп, 7-орынға тұрақтады.

Еске сала кетейік, биыл әлем чемпионатына 93 мемлекеттен 556 таңдаулы дзюдошы қатысты. Жалпы есепте Жапония құрамасы 6 алтын, 4 күміс және 4 қоламен топ жарды.