Ұйымның мәліметінше, ең маңызды ғимараттардың бірі зақымданған, деп хабарлайды BBC.

Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттік (МАГАТЭ) Иранның Арак қаласы маңында салынып жатқан ядролық нысанға соққы жасалғанын растады.

Бейсенбі күні Израиль әскери ұшақтары Арактағы ядролық реакторды бомбалаған. МАГАТЭ мәліметінше, сол сәтте нысанда ядролық материал болмаған.

Арак қаласы Тегераннан оңтүстік-батысқа қарай 250 шақырым жерде орналасқан. Бұл нысан ғылыми мақсатта пайдаланылуы мүмкін болғанымен, онда плутоний де өндіріледі. Ал плутоний – ядролық қару жасауға қолданылатын материал.

МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси Израиль соққысынан ірі радиологиялық апат тіркелмегенін айтты. Алайда ол мұндай шабуылдардың радиациялық апатқа ұласу қаупі бар екенін ескертті.

Сондай-ақ МАГАТЭ мұндай күрделі жағдайда ядролық нысандар туралы техникалық ақпараттың тұрақты әрі жедел түрде алынуы аса маңызды екенін атап өтті.