Айнұр Куванышеваның айтуынша, инсульт тек физикалық емес, психологиялық факторлардың да салдары болуы мүмкін.

Қазақстанда жыл сайын қырық бес мыңнан астам азамат инсульт дертіне шалдығады. Статистикалық деректерге сүйенсек, инсульт алған әрбір үшінші науқас бұл ауыр сырқаттан кейін өмірмен қош айтысады, деп мәлімдеді №14 қалалық емхананың кардиолог дәрігері Айнұр Куванышева.

Кімдер қауіп тобында?

Маманның айтуынша, инсульт – кенеттен пайда болатын, бірақ оның негізінде ұзақ уақыт бойы ескерілмеген созылмалы дерттер мен өмір салтына байланысты факторлар жатады. Ең жиі кездесетін себептер қатарында артериялық гипертензия (жоғары қан қысымы), қант диабеті, семіздік, шылым шегу, қимыл-қозғалыстың аздығы және дұрыс тамақтанбау бар.

Соңғы жылдары дәрігерлер туа біткен жүрек ақаулары мен ми тамырларындағы аневризмалар да инсультке әкелуі мүмкін екенін айтып жүр. Бұл – тіпті дені сау көрінетін жастардың да қауіптен тыс емес екенін білдіреді.

Стресс – инсульттің үнсіз серігі

Айнұр Куванышеваның айтуынша, инсульт тек физикалық емес, психологиялық факторлардың да салдары болуы мүмкін. Созылмалы күйзеліс, мазасыздық, тұрақты стресс – мұның бәрі қан қысымын көтеріп, мидың қан айналымына әсер етеді. Мамандардың пікірінше, ұзақ уақыт бойы шешілмеген әлеуметтік мәселелер – жұмыссыздық, отбасылық қиындықтар мен өмір сүру деңгейінің төмендігі ағзаны әлсіретіп, инсульттің алдын алуға кедергі келтіреді.

"Біз инсультті көбіне егде жастағы адамдардың дерті деп қабылдаймыз. Алайда бұл ауру бүгінде 30-40 жастағы азаматтар арасында да жиі тіркеліп отыр. Бұл – қоғам үшін үлкен қауіп", – деді маман.


Оқи отырыңыз: Тері микозы деген қандай ауру және оны қалай емдеуге болады? Дерматовенерологтан кеңес


Жылдық көрсеткіштер алаңдатады

2023 жылы елімізде 49 мыңға жуық адамға инсульт диагнозы қойылған. Олардың ішінде 11,8 пайызы ауруханада көз жұмса, тағы 6,1 пайызы ауруханадан шыққаннан кейін бір ай ішінде өмірден өткен. Бұл – алдын алу шараларын күшейтудің, халықтың салауатты өмір салтына көшуін ынталандырудың аса маңызды екенін дәлелдейді.

Алдын алу мүмкін бе?

Инсульттің алдын алудың басты жолы – қан қысымын тұрақты бақылау, қант деңгейін тексеру, салауатты тамақтану, дене белсенділігін арттыру және психологиялық саулыққа көңіл бөлу. Сондай-ақ зиянды әдеттерден – әсіресе шылым шегу мен алкогольден бас тарту да тәуекелді айтарлықтай азайтады.