Соңғы бес жыл ішінде 4 мыңнан астам жас азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Атырау облысында жасөспірімдер мен жастар арасындағы қылмыстың көбеюі алаңдатарлық жағдай.
Облыс прокуроры Бауыржан Жұмақановтың мәліметінше, бұл – елдегі "Заң және тәртіп" идеологиясын ілгерілетуге бағытталған 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдаманың жүзеге асуына қарамастан байқалып отырған тенденция.
– Жалпы қылмыс деңгейінің төмендеуіне қарамастан, жастар мен жасөспірімдер арасында қылмыстың артуы алаңдатады. Соңғы бес жылда 4 мыңнан астам жас қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 386-сы – кәмелетке толмағандар. 1 мыңнан аса жас ауыр, ал 151-і аса ауыр қылмыс жасаған, – деді прокурор.
Тағы бір өзекті мәселе – жасөспірімдер арасындағы суицид. Аталған мерзімде суицидке қатысты 104 оқиға тіркеліп, 33 бала өз-өзіне қол салған.
– Басты мақсатымыз – елінің болашағына бейжай қарамайтын жауапты азамат тәрбиелеу. Мемлекет назарынан бірде-бір қылмыс немесе қайғылы оқиға тыс қалмауы тиіс. Құқық қорғау органдары әрбір істі жедел әрі тиімді тергеуі керек, – деді Жұмақанов.
Оның айтуынша, жастар қылмысының алдын алу үшін бірқатар шаралар қажет. Атап айтқанда, ойын-сауық орындарының жұмыс уақыты қайта қаралып, алкоголь өнімдерінің сатылымына бақылау күшейтілмек. Сонымен қатар интернеттегі зиянды контентті бұғаттау, алкоголизм, нашақорлық, лудомания және басқа да тәуелділік түрлерімен күрес жүйелі түрде жүргізіледі.
– Білім беру мекемелерінде, әсіресе бастауыш сыныптардан бастап, оқушылардың адамгершілік, рухани және патриоттық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған тәрбие жұмыстары күшейтіледі, – деп түйіндеді Бауыржан Жұмақанов.