ШҚО мемлекет қатысатын үлесті заңсыз иеліктен шығару фактісі бойынша тергеуді аяқталды, деп хабарлайды ҚР ҚМА баспасөз қызметінен.
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті — елдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университет металлургия, машина жасау, энергетика, медициналық техника және басқа да салалар үшін мамандар даярлаумен айналысады. Оның құрамында 17 ғылыми орталық, зертхана және ғылыми-өндірістік алаң жұмыс істейді.
Алайда, 2018-2020 жылдары университеттің бұрынғы басшылығы "Технопарк "Алтай" ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 78% мемлекеттік мажоритарлық үлесті заңсыз түрде жекеменшікке өткізген.
Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау аясында университетке жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын "Технопарк "Алтай" ЖШС-дегі 100% үлес, 8 мың шаршы метрлік ғимарат пен 1,3 га жер телімі қайтарылды.
Қайтарылған активтер зертханалық және оқу базаларын орналастыруға, сондай-ақ травматология, ортопедия және онкологиялық протездеуге арналған медициналық өнімдер шығаратын инновациялық кластерді дамытуға пайдаланылатын болады.