Қазақстан Ұлттық банкі азаматтарды барынша сақ болуға шақырады .
Қазақстан Ұлттық банкі жаңа алаяқтық схемалар пайда болғанын ескертті, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
Ұлттық банктің мәліметінше, алаяқтар жалған құжаттар мен реквизиттерді, сонымен қаар жалған мобильді қосымшалар мен әлеуметтік желідегі парақшаларды пайдаланып, алдауы мүмкін.
"Алаяқтардың көздейтіні – азаматтардың жеке шотына, депозитіне, ақша аударымдарына қол жеткізу және атына онлайн несие немесе микрокредит рәсімдеу екенін тағы да еске саламыз", – деп жазылған хабарламада.
Олар өзін Ұлттық банктің, мемлекеттік немесе құқық қорғау органдарының, екінші деңгейлі банктердің, ұялы байланыс операторының немесе коммуналдық қызметтің қызметкеріміз деп таныстыруы мүмкін. Сонымен бірге азаматтарға түрлі сылтаумен хабарласып, жалған құжаттар мен банкке ақша аударуға арналған реквизиттер жіберуі ықтимал.
"Алаяқтар сізге келген SMS-хабарламаны, растау кодын жіберуді, күмәнді сілтемелерге кіріп, түрлі қосымшаларды жүктеп алуды немесе мессенджердегі жаңа функцияларды іске қосуды сұрайды. Оның бәрі – телефоныңыздағы барлық ақпаратқа толық қол жеткізу үшін жасалатын қулық", – деп түсіндірді Ұлттық банк.
Оқи отырыңыз: Ұлттық банк пен телеком операторлары антифрод орталықтарын біріктіруде. Бұл не үшін қажет
Сол себепті Қазақстан Ұлттық банкі азаматтарды барынша сақ болуға шақырады. Кез келген қоңырау, хат, хабарлама немесе сұрау салған кезде оның рас-өтірігін міндетті түрде тексеріп алған жөн.
"Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, өзіңіз білмейтін қосымшаларды телефонға жүктемеңіз және бейтаныс адамдардың шотына ақша аудармаңыз. Ұлттық банк қызметкерлері жеке тұлғаларға ешқашан аудио және видеоқоңырау шалмайды, жеке шоттарын жүргізбейді, қандай да бір инвестициялық қорларға немесе қаржы өнімдеріне инвестиция салуға шақырмайды, қаражат көзін сақтандырмайды және халықпен ақшалай есеп айырыспайды – осыны әрдайым есте ұстаған дұрыс", – деп ескертті банк қызметкерлері.
Егер алаяқтарға тап болсаңыз, дереу Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгініп, арыз жазу керек. Қосымша кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы Ұлттық банктің байланыс орталығына хабарласа аласыз.