Ресей Федерациясымен шекарадағы "Сырым" ветеринариялық бақылау-өткізу бекетінде Самара қаласынан Атырау облысына бағыт алған 30 тонна (30 000 кг) тағамдық жұмыртқаларды Қазақстан Республикасына заңсыз әкелу әрекеті анықталып, жолы кесілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл жайлы ақпаратты бүгін, 2025 жылдың 19 маусымында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді. Ақпаратқа сүйенсек, мамандар екі жүк көлігіне ветеринариялық тексеру жүргізу барысында ветеринариялық-санитариялық заңнаманың талаптары бұзылғанын анықтады.
"Атап айтқанда, жүкті сүйемелдейтін міндетті ветеринариялық құжаттардың жоқтығы тіркелді, бұл – қолданыстағы ережелердің тікелей бұзылуы болып табылады. Сонымен қатар, аталған өнімге уақытша шектеулердің енгізілуіне байланысты оны әкелуге тыйым салынған",- делінген ақпаратта.
Тексеру нәтижелері бойынша, жүк тиелген көліктер Қазақстан Республикасының аумағынан кері қайтарылды. Ветеринариялық заңнаманы бұзғаны үшін жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.
Бұған дейін елордада полицейлердің вейпті заңсыз сату фактісін анықтағаны жайлы жазғанбыз.