АҚШ-тың Джорджия штатында дәрігерлер ақпан айында миы өлді деп тіркелген әйел кесарь тілігі арқылы сәбиді аман-есен жарық дүниеге алып келді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Әйелдің ағзасы бірнеше ай бойы түрлі құрылғылардың көмегімен жұмыс істеп тұрды.
Ақпаратты америкалық БАҚ өкілдері марқұм әйелдің отбасының мәлімдемесіне сүйене отырып таратты. Әйелдің аты-жөні — Адриана Смит. Осы аптада оны өмірді қолдау аппараттарынан ажырату жоспарланып отыр.
Марқұмның анасы Эприл Ньюкерктің айтуынша, нәресте шала туған, салмағы шамамен 800 грамм болған. Қазіргі уақытта сәби жансақтау бөлімінде жатыр.
Дәрігерлер бәрі жақсы болады деп үміттеніп отыр. Ол қазір өмір үшін күресіп жатыр, – деді Ньюкерк.
Оның айтуынша, Джорджия штатындағы түсік тастауға қарсы LIFE Act заңына байланысты Адриананың денесі босанғанға дейін аппараттарға қосулы күйде ұсталған. Дәрігерлер отбасыға жүктіліктің алты аптасынан кейін түсік жасауға тыйым салынатынын айтып, баланың дүниеге келуін күту қажеттігін түсіндірген.
Алайда Джорджия штатының Бас прокурорының кеңсесі LIFE Act заңында миы өлген жүкті әйелдің денесін аппараттарға қосулы күйде ұстау міндеті көрсетілмегенін мәлімдеді.
Бұған дейін Жайық өзеніне секіріп кеткен әйел құтқарылғанын жазған едік.