Атыраудағы "Мұнайшы" футбол стадионы газон сапасы мен инфрақұрылымы жағынан еліміздегі ең нашар стадион деп танылды.

Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының лицензиялау департаментінің директоры Ержан Мусабеков жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты Offside.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, 2024 жылдан бастап елде стадион жабындыларына қойылатын техникалық талаптарды белгілейтін ұлттық стандарт күшіне енген. Алайда Атыраудағы арена бұл талаптарға формалды түрде сай болғанымен, чемпионатқа қатысушылар мен сарапшылар тарапынан көптеген сын айтылып отыр.

– Стадионның газоны да, инфрақұрылымы да өте әлсіз. Қазіргі чемпионаттағы ең нашар стадион – осы, – деді ҚФФ өкілі.

Өткен жылы стадиондағы жасанды газон тексерістен өткен. Бірақ тек ең төменгі деңгейдегі сапа көрсетілген. Федерация өкілдері бұл жағдайды бақылауда ұстап отыр. Қазір мәселені шешу жолдары: не жабындыны жақсарту, не оны ауыстыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Соңғы жылдары Қазақстанда көптеген стадиондар жаңартылып жатыр. Түркістан, Петропавл және басқа қалалардағы ареналар жаңа стандарттарға сай жасалған.

Федерация мәлім еткендей, жаңа әрі жобаланатын стадиондар газон сапасы мен жалпы инфрақұрылым бойынша талаптарға толық сай болуы тиіс.