Мемлекет басшысы ҚХР төрағасы Си Цзиньпинді Астана әуежайынан шығарып салды. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Қытай көшбасшысының Қазақстанға жасаған екі күндік сапары аяқталды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасына құрмет көрсетіп, елорда әуежайынан шығарып салды.
Айта кетейік, Си Цзиньпин Астанаға 16 маусымда келді. ҚХР төрағасын Астана әуежайынан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.
Қазақстан президенті мен ҚХР төрағасы жүргізген келіссөз нәтижесінде 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды.
Сондай-ақ Қазақстан Қытайға 1500 киік тарту ететіні белгілі болды.
17 маусымда Си Цзиньпин екінші "Орталық Азия – Қытай" саммитіне қатысты.
Самитте Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай тарабына Каспийдегі "Құрық" портында жүк терминалын бірігіп салуды ұсынды.
Сондай-ақ президент Қытайдың ядролық энергетиканы дамытудағы бай және табысты тәжірибесін ескере отырып, аталған стратегиялық салада орнықты ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін жеткізді.