Қостанай облысы Қамысты ауданында Лисаковск қалалық ауруханасына құтыру ауруының белгілері бар тұрғын жеткізілді, деп хабарлайды "Наша газетаға" сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ауру жұқтырған әйел дәрігерлердің көмегіне тым кеш жүгінген. Ақ халаттылар оны құтқара алмады. Қостанай облысында соңғы рет мұндай дерттен көз жұму жағдайы 2020 жылы тіркелген.
"Әйел құтыру ауруынан 2025 жылғы мамырда көз жұмды. Эпидемиологиялық тергеу барысында үй жануары (мысық) қожайынын тістеп, артынша қашып кеткені анықталды... Зардап шеккен әйел мысығы тістегеннен кейін дәрігерлерге қаралмай жүре берген. Профилактикалық екпе курсын алмаған. Әйел құтырудың клиникалық белгілері пайда болғанда бір-ақ қаралып отыр", — дейді Қостанай облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Баймұхаметов.
Мамандар адамдардың құтыру ауруын негізінен үй жануарларынан жұқтыратынын, үй жануарлары өз кезегінде ауруды жабайы жануарлар тістегеннен кейін жұқтырып әкелетінін ескертеді. Адам жануар тістегеннен кейін де, дертке душар болған жануардың сілекейі адам денесіндегі ашық жараларға тигеннен де құтыру ауруын жұқтыруы мүмкін.
Ондай жағдайда құтыруға қарсы екпе салмаса, арты қайғылы жағдайға әкеп соқтырады. Аурудың инкубациялық кезеңі бірнеше күннен бірнеше айға, тіпті бір жылға дейін созылуы мүмкін — бәрі жануар қай жерден тістегеніне байланысты. Осы жолы көз жұмған әйел бірнеше ай өткенде ғана ауру жұқтырғанын түсінген.