Қазақтың демографиялық өсімі «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген ұғым-түсінігіне тәуелді секілді көрінеді. Ұлтымыз ұлы ұстаным, ұран етіп, жалауындай биікке көтеріп келе жатқан осы мәтелдің ішкі иірімі мен табиғатынан халқымыздың Тәңірге деген берік сенімін көре аламыз .

Келіншегім бесінші перзентімізге жүкті болған кез. Аллаға сансыз шүкіршілік айтып, іштей қуанып жүрміз. Алайда бұл қадамымызға емханадағы тиісті дәрігерлер алаң көңілмен қарап, әйелімнің жүктілік халін жалғастыруына, яғни босануына қарсылығын білдіріпті. Дәрігерлер араға жеті жыл салып босанудың қиындығын ескеріп, ананың ден­саулығына алаңдап, сақтандырған болар. Жазғыру артық. Содан жауап­ты дәрігерлер келіншегімді ортаға алып, талдау нәтижелері ойдағыдай еместігін алға тартып, түсік жасатуға үгіттейді. Айдың күннің аманында түсік жасату адамшылыққа келмейтінін, дін қолдамайтын іс екенін, құрсағындағы тіршілік иесін қолымен ұстап, көзімен көрмесе де ол өз перзенті екенін, Алланың нығметін аяққа таптағандай болатынын жеткізеді. Үгіттерінен түк шықпаған соң дәрігерлер оны райынан қайтарудың соңғы мүмкіндігі ретінде психологтен кеңес алуға жұмсайды.

Психолог – биік өкше туфли, қысқа етек юбка киген, сыртқы по­шы­мы нағыз еуропаша үлгімен көм­керілген қалалық келіншек. Ол келін­шегімді босансам деген ниетінен айныту мақсатында әңгімесін ә дегеннен әлеуметтік-тұрмыстық мәселеге қатысты бастайды. Отбасымыздағы алты жанның тек еңбекақыға қарап отырғаны, қымбатшылықтың асқынып тұрғаны, бала-шағаны оқыту, киіндіру, тойындырудың мехнаты, төрт баланың үстіне тағы біреуі қосылса, салмақ ауыр­лай түсетіні, бәрі-бәрі айтылады. «Қалай асырамақсыздар, қиналып қаласыздар ғой», деп «қамқорлық» танытады. Осылайша, әйелімнің жанды жерінен ұстағандай, керемет бір ой салғандай болады.

Сөзді бөлмей бәрін тыңдап отырған келіншегім өз кезегінде:

– Сіз отбасылы боларсыз? – деп сұрайды психологтен.

– Әрине, отбасылымын. Күйеуім, бір ұлым бар, – дейді ол.

– Ұлыңыздың соңынан бауырын ілестіру ойларыңызда жоқ па?

– Ондай жоспарымыз жоқ. Айтпаңыз. Бір баланың өзін бағып-қағу, қажетін өтеу оңай емес. Мына қым­батшылық заманда тағы бала туып не азап?..

– Сіз күйеуіңіз екеуіңіз әлгі ұлдары­ңыз­ды асырап жүрмін деп ойлайсыз ба?

– Әрине, асырап жүрміз... Сіздіңше қалай?

– Жоқ, олай демеңіз... Керісінше, сіздер сол перзенттеріңіздің несібесі арқасында күн көріп, аман-есен шапқылап жүрсіздер. Құдай сақтасын, әрине, егер сіздер өз балаларыңызды күтіп-бағуды ауырсынып, келтелікпен кері тепсеңіздер, тағдырларыңыз қай қиырға барып тірелетінін көрер едіңіздер... Бала деген Алланың берген нығметі. Соның біздерге бұйырғанына шүкір етуіміз керек. Әдетте, ата-аналар перзентімізді өзіміз асырап жүр­міз деп ойлайды, алайда балаға берілген несібемен күн көретінін бағамдай бермейді. Жан, тән, өмір, несібе Ал­ладан, ал ата-ана – тек себепкер.

Мұны естіген психолог ойланып, үнсіз отырып қалады. Әдепкідегі екпіні су сепкендей басылған. Қанша дегенмен қаны қазақ емес пе, сөз төркінін ұғып, ыңғайсыз күй кешіп, жанары жасаураңқырап:

– Дұрыс айтасыз, иә, дұрыс айтасыз... Мен бұл жағын ойламаппын. Ке­шіріңіз... Аман-есен босанып алыңыз, тілектеспін, тілектеспін, – деуден бөтен ештеңе айтпай, жылы қоштасады.

Арада жеті-сегіз ай өткенде әйелім әлгі психологпен емханада кездесіп қалыпты. Әдетте тікірейіп жүретін ол елпілдей жағдай сұрасып, жалпылдай амандасып, жік-жапар болады. Бұл Құдай қолдап, аман-есен босанып алғанын айтады. Ал психолог келіншек шермиіңкіреген ішін сипап тұрып «сізбен сөйлескеннен кейін күйеуім екеуміз көп ойланбастан «Құдай берсе тағы да перзент сүйейік» деп ниеттендік... Бізге де сіздің жолыңызды берсін», дейді жүзінде қызыл ойнап. Сол сәтте санасында әлденелер жаңғырған болар, бәлкім...

Құдайға шүкір, «бір уыс жусанын» қолтығына қыса өмірге келген «қозымыз» өзінен бір жарым жас кіші інісі – «арба толы жусанын» сүйрей жеткен «қозысын» жетектеп үшінші сыныпқа барып жүр. Мектебіне барарда, келерде кезінде өз тағдыры талқыға түскен емхананың дәл жанынан өтеді. Әлгі психолог те аман-есен босанып алып, перзентін мектепке тасып жүрген шығар. Лайым солай болсын.

Иә, демография дүниетанымға да тәуелді.