Айта кетейік, 2026 жылдан бастап Назарбаев Университетін қаржыландыру тәртібі өзгереді.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Назарбаев Университетін қаржыландыруға қатысты мәлімет берді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Назарбаев Университетінің алдағы үш жылға арналған бюджеті шамамен 42–43 миллиард теңгені құрайды. Университеттің білім беру сапасы жоғары, халықаралық стандарттарға сай екенін дәлелдеді. Сондықтан бұл соманы қазіргі деңгейде қалдырып, ұлғайтуды жоспарлап отырған жоқпыз, – деді министр Мәжіліс кулуарында журналистердің сауалына жауап бере отырып.
Сонымен қатар, Саясат Нұрбек университет қызметіне жүргізілген аудитке де тоқталды.
– Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарының 60–70 пайызы орындалды. Мысалы, кадрлық тағайындау саясаты түбегейлі қайта қаралды. Жақында жаңа сатып алу тәртібі бекітілді. Бұрын сатып алулардың 93 пайызы бір көзден жүзеге асса, қазір конкурстық негізде өтуде, – деп нақтылады ведомство басшысы.