Кейбір деректерде оның онкологиялық ауруға шалдыққаны және тергеу үшін түрмеден тыс жерге жеткізілетіні туралы ақпарат жарияланды.

Қазақстанның бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің денсаулығына қатысты әлеуметтік желілерде тараған ақпараттарға байланысты Ішкі істер министрі Ержан Саденов мәлімдеме жасады.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Мәсімов денсаулығы бойынша ешқандай арнайы медициналық есепте тұрмайды.

"Оның өкілдері тарапынан келіп түскен барлық мәлімет тексерілуде. Бүгінгі күні ресми түрде айтарым: жағдайы қалыпты. Ол сот белгілеген тәртіпке сәйкес, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуде", – деді Ержан Саденов Мәжіліс кулуарында тілшілер сауалына жауап беріп.

Алайда министр Мәсімовтің жалғыз адамдық камерада ма, әлде жалпы камерада ма нақтыламады.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Кәрім Мәсімовтің денсаулығы нашарлағаны туралы хабар тараған еді. Кейбір деректерде оның онкологиялық ауруға шалдыққаны және тергеу үшін түрмеден тыс жерге жеткізілетіні туралы ақпарат жарияланды.

Еске сала кетейік, 2023 жылдың сәуір айында Астана қалалық соты Кәрім Мәсімовті мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алуға әрекеттену, сондай-ақ қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану баптары бойынша 18 жылға бас бостандығынан айырған болатын.


Оқи отырыңыз: Сәтбаевтағы жантүршігерлік жол апатына байланысты қала әкімінің орынбасары жауапқа тартылды


2022 жылы ұсталғаннан кейін Мәсімовтің әрекеттерінде жемқорлық белгілері де анықталған. Бұл бойынша Қылмыстық кодекстің:

  • 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы – "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату)";
  • 366-бабы 4-бөлігі – "Аса ірі көлемде пара алу" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған.

Алайда бұл істер бойынша сот отырыстары өтті ме, жоқ па – әзірге белгісіз. Өйткені оларды ҰҚК құпиялады.