Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
2025 жылғы 17 маусымдағы жағдай бойынша елімізде ауыл шаруашылығы алқаптарының 11,4 млн гектардан астамы зерттелді.
Болжам бойынша, биыл Қазақстанда үйірлі шегірткелер таралуы мүмкін аумақ шамамен 2,1 млн гектарды құрауы мүмкін. Оларға қарсы күрес шараларына 443 арнайы бүрку техникасы, соның ішінде 49 дрон тартылған. Зерттеу жұмыстарына 3,5 мыңнан астам маман жұмылдырылып, облыс әкімдерінің орынбасарлары басқаратын жедел штабтар үйлестіру жұмыстарын жүргізуде.
Министрлік мәліметінше, шекара маңындағы жағдай тұрақты бақылауда. Атап айтқанда, 2–6 маусым аралығында Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында, ал 9–13 маусым аралығында Қытаймен шекаралас аймақтарда бірлескен зерттеулер өткізілді. Қазіргі уақытта Қырғызстан мен Қытай тарапынан шегірткелердің ұшу немесе қоныс аудару қаупі анықталған жоқ. Сондай-ақ Ресей және Өзбекстанмен шекаралас аумақтар да бақылауда, шегіртке ошақтары тіркелмеген.
Ведомствоның хабарлауынша, зиянкестерге қарсы күрес шаралары жоспарға сәйкес жалғасып жатыр.