16-17 маусымда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қытай Халық Республикасының мемлекет басшысы Си Цзиньпин Қазақстан Республикасына сапармен келді, деп хабарлайды Zakon.kz.
17 маусымда Астанада Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттері басшыларының қатысуымен "Орталық Азия – Қытай" атты екінші саммиті өтеді.
Салтанатты кеште Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген қабылдаушы елдің мәдени өкілі ретінде жиында өзінің репертуарындағы қытай тіліндегі ең әдемі лирикалық әндердің бірі – "荆棘王冠" / "The Crown" әнін орындады.
Бұл ән қазақстандық композитор Ұлықпан Жолдасовтың 2017 жылы Астанада өткен жеке концертінде алғаш рет орындаған "Кім екен" шығармасының қытайлық нұсқасы.
Іс-шараларға дайындық аясында қытайлық CGTN телеарнасы Димашты Орталық Азияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Nazarbayev University-де түсірілген "Идеялар өзгереді" атты тақырыптық дәрістер жобасына "Қытай – Орталық Азия, мәдени диалог" тақырыбында сөз сөйлеуге шақырды,- дел жазады DimashNews.com.
"Құрметті жерлестер, Астана тұрғындары және CGTN арнасының көрермендері! Бүгін біз Қытай мен Орталық Азия туралы айтатын боламыз. Өздеріңізбен мәдени өкіл ретінде кездескеніме өте қуаныштымын. Біз тағдырдың өзі қосқан көршілерміз. Ең бастысы, көршілер, бауырлас халықтар мен әлемнің барлық елдері арасында бірлік, келісім мен амандық болуы керек",- деді ол.
Димаш Қытайға сапар жасамастан бұрын Қытай мәдениетін Джеки Чанмен, Брюс Лимен, кунг-фумен байланыстырғанын айтты.
"Бірақ мен жұмыс сапарыммен барып, Қытайда өмір сүрген кезімде менің бұл елге деген қабылдауым өзгерді. Мен қытай халқының қонақжайлылығы мен еңбекқорлығына ерекше таң қалдым. Азия елдерінің өкілдері болғандықтан біздің дәстүріміз бен тәрбиемізде ұқсасытықтар бар. Мысалы, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты түсініктер – бізді жақындастырады. Сондай-ақ, бізді білімге, мәдениет пен ғылымға деген ұмтылыс біріктіреді. 2017 жылы Бейжіңде түсірілімдерге түсіп, іс-шараларға қатысып жүргенімде шақырту алдым. Олар Си Цзиньпин мырзаның Астанаға келетіні жіне біздің құрметті қонағымыз болатыны туралы айтты. Сөйтіп, менің қазақша, қытайша 1-2 ән орындап беруімді өтінді",- деді Димаш.
Белгілі болғандай, ол Қытай мәдениетінде ерекше орын алатын "Жасмин" әнін орындайтынын айтты.
"Бұл әнді орындаудың өзі үлкен мәртебе болып саналады. Сондықтан ұйымдастырушылар дәл сол әнді ұсынған болатын. Мен оны барынша жоғары деңгейде орындауға тырыстым. Қойылымнан кейін Си Цзиньпин мырза қасыма келіп, қолымды қысып, алғысын білдіріп, Қытайдағы да, шетелдегі де жетістіктеріммен құттықтап: "Әрдайым табыс тілеймін", – деген жылы лебізін білдірді. Содан бері өнерімді жоғары бағалайды. Маған әйелі екеуі және бүкіл отбасымен менің өнерімді ерекше құрметтейтінін айтып, шынайы лебізін білдірді. Әрине, бұл үлкен жауапкершілік". Димаш Құдайберген
Сондай-ақ, ол халық игілігі үшін, мемлекетаралық мәдени байланыстарды нығайту жолында өнерімді көрсетуге әрқашан дайын екенін жеткізді.
"Сондықтан Си Цзиньпин мырзаның командасының шақыруын қабыл алып, Сианьдағы тамаша кеште өнер көрсеттім. Менің есімде қалғаны сол кезде Лос-Анджелесте тұрғаным. Біз концертке бағдарламаны бірнеше күн қалғанда бекіттік. Ұзақ ойланып, мәдениетіміз бен тарихымызды көрсететін туынды іздедік, өйткені біздің қонақжай халық екенімізді бүкіл әлем біледі ғой. Сондықтан, өнерімізді жоғары деңгейде көрсетуге тырыстық. Си Цзиньпин мырзаға қазақ мәдениетіне және қазақ тіліндегі әндерге деген құрметі үшін алғысымды білдіргім келеді. Ең маңыздысы, әрине, екі елдің достығының беріктігі. Сонымен қатар, қазақта: "Шақырып отырған шаңыраққа қарап көсіл" деген сөз бар. Қабылдаушы елге деген құрметім ретінде қытай тілінде бір ән орындадым",- деп қорытындылады әнші.
Бұған дейін Димаш Құдайбергеннің Барселонадағы фан-кездесуінің қалай өткендігін жазған болатынбыз.