Бұл туралы елдің мемлекеттік ақпарат құралдары хабарлады, деп жазады ВВС.

Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Амир Саид Иравани Тегеран өз-өзін қорғау құқығын іске асырып жатқанын айтты. Ол шабуылдар тек әскери нысандар мен соған қатысты инфрақұрылымдарға бағытталғанын атап өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Израильдің әдейі шиеленісті өршітуі мен агрессиялық әрекеттерінің жалғасуына байланысты Иран пропорционалдық қағидатқа сәйкес қосымша шаралар қабылдады. Бұл шаралар Израильдегі белгілі бір инфрақұрылымдарды заңды әскери мақсат ретінде көздеуге бағытталған, – деді Иравани БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жолдаған хатында.

Сонымен бірге, ол Израильді бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылымдарға шабуыл жасады деп айыптады.

Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иран бейбіт халықты нысанаға алды деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Израиль Иранның ядролық және зымыран инфрақұрылымдарын нысанаға алып жатыр.

Иранның Денсаулық сақтау министрлігі жұма күнінен бері Израиль соққысынан кемінде 224 адам қаза тапқанын хабарлады. Ал Израиль жағы ирандық шабуылдар салдарынан 24 адамның көз жұмғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, Иран егер Израиль соққылары жалғаса берсе, Ядролық қаруды таратпау туралы келісімнен шығатынын ескертті.