Ментальды дамуы шектелген жандарға арналған баскетболдан Virtus World Championship Astana 2025 әлем чемпионатына қатысушы спортшылар мен жаттықтырушылар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысып, елордада ағаш отырғызды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Еске салсақ, 10-22 маусым аралығында Астанада Қазақстан тарихында бірінші рет ментальды дамуы шектелген спортшылар арасында баскетболдан Virtus World Championship Astana 2025 әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бұл жарысқа 11 елден 170 адам жиналды.
Қалалық әкімдік мәліметінше, Аустралия, Польша, Италия, Франция, Венесуэла, Португалия, АҚШ, Испания, Израиль, Жапония және Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары мен жаттықтырушылары «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қосылып, елордадағы Триатлон паркінде ағаш отырғызды.
Ағаш отырғызу акциясы әлем чемпионатының қатысушылары үшін естелік әрі маңызды іс болды. Бұл іс-шара ментальды дамуы шектелген жандарға арналған спорттың дамуына және осындай шаралардың маңыздылығына назар аударуға мүмкіндік берді. Акцияға қатысушылар жылы лебіздерін білдірді. Акцияны ұйымдастырушы ретінде Ментальды дамуы шектелген спортшыларға арналған республикалық федерация және Қазақстан баскетбол федерациясы, Спорт және туризм министрлігі, Астана қаласының әкімдігі қолдау көрсетті, – деп хабарлады «Ментальды дамуы шектелген спортшылар федерациясы» даму департаментінің директоры және елордадағы IDsport федерациясының басшысы Динагүл Мырзахметова.