Израиль мен Иран арасындағы қақтығыстың салдарынан мұнай бағасы мен саудасы ғана емес, логистикалық жолдар да өзгеруі мүмкін. Шығыстанушы ғалым Жанат Момынқұлов осындай пікір білдірді. Оның айтуынша, біздің Оңтүстік-Шығыс бағытындағы логистикалық жолдарымыз осы Иран арқылы өтеді. Бұған дейін, Бендер-Аббас портында бірлескен терминал салу, жүк тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де екі ел арасында талқыланған еді.

Жанат Момынқұлов, шығыстанушы:

Бұл қақтығыс өзінің күрделілігі жағынан, расында да басталатын болса мынау Украина мен Ресей арасындағы соғысқа пара-пар, одан да маңызды болуы мүмкін мәселелер. Өйткені, ол мұнайдың бағасына әсер етеді. Логистикалық жолдар ауысады. Сондықтан бұл қақтығыс менің ойымша үлкен, орасан зор соғысқа созылады деп ойламаймын. Өйткені, күштердің тепе-теңдік мәселесі бар.

Еліміздің СІМ Таяу Шығыс өңіріндегі қауіпті әскери шиеленіске байланысты алаңдаушылық білдіріп, мәлімдеме жасады. Ведомство қақтығысты БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес тек саяси-дипломатиялық жолмен тез арада реттеуді құптайды және қатысушы тараптарды барынша ұстамды болуға шақырады.

Азамат Бейбітұлы