Қаржы министрі 2025 жылғы 30 мамырдағы бұйрықпен бюджеттік кредиттерді өндіріп алуға үмітсіз деп тану қағидаларын бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қағидалар республикалық және жергілікті бюджеттен берілген кредиттер бойынша берешекке қатысты қолданылады.

Бюджеттік кредиттер, сондай-ақ мемлекеттік кепілдіктерді орындауға берілген қаражат бойынша өндіріп алуға үмітсіз берешек ( бюджеттік кредиттер бойынша үмітсіз берешек) – 2005 жылға дейін республикалық және жергілікті бюджеттерден берілген бюджеттік кредиттер бойынша қарыз алушылардың, сенім білдірілген өкілдердің (агенттердің), түпкілікті қарыз алушылардың мерзімі өткен, белгіленген мерзімдерде өтелмеген берешегі.

Бюджеттік кредиттер бойынша үмітсіз берешекке бюджеттік кредиттер беру туралы растайтын құжаттары (кредиттік шарттар, төлем құжаттары, қарыз алушылардың, сенім білдірілген өкілдердің (агенттердің), түпкілікті қарыз алушылардың деректемелері) жоқ берешек жатады.

Бюджеттік кредиттер бойынша үмітсіз берешек негізгі борыш, ол бойынша сыйақы және өсімпұл бойынша республикалық және жергілікті бюджеттер алдындағы мерзімі өткен берешекті қамтиды (әрі қарай – бюджеттік кредиттер бойынша мерзімі өткен берешек).

Банкроттық және тарату сатысындағы қарыз алушылардың бюджеттік кредиті бойынша берешегі үмітсіз берешекке енгізілмейді.

Бюджеттік кредиттерді өндіріп алуға үмітсіз деп айқындау тәртібі

Мемлекеттік қазынашылық осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша растайтын құжаттары жоқ бюджеттік кредиттер бойынша мерзімі өткен берешек тізілімін ( Тізілім) жыл сайын ағымдағы жылдың 15 шілдесінен кешіктірмей қалыптастырады.

Тізілім мынадай ақпаратты қамтиды:

  • қарыз алушылардың/ сенім білдірілген өкілдердің (агенттердің)/түпкілікті қарыз алушылардың атауы;
  • қарыз алушылардың/түпкілікті қарыз алушылардың салық төлеушінің тіркеу нөмірі (СТН)/ бизнес сәйкестендіру нөмірі (БСН);
  • кредиттік шарттың нөмірі мен күні;
  • кредит валютасы;
  • кредит сомасы;
  • кредитті өтеу мерзімі;
  • 2025 жылдың 1 қаңтарына мерзімі өткен берешек.

Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган алынған Тізілім негізінде жыл сайын ағымдағы жылдың 1 тамызына дейін Тізілімде көрсетілген қарыз алушыларға қатысты 1990 жылғы 1 қаңтардан 1995 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңде берілген бюджеттік кредиттерді аудару туралы төлем тапсырмаларының көшірмелерін беру туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ( Ұлттық Банк) және жергілікті атқарушы органдарға сұрау салу жолдайды.

Ұлттық банк және жергілікті атқарушы органдар ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейінгі мерзімде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға төлем тапсырмаларының көшірмелерінің болуы/ болмауы туралы ақпаратты ұсынады.

Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган 2005 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Тізілімде көрсетілген қарыз алушылардың белгіленген мерзімдерде мерзімі өткен өтелмеген берешегі туралы жаңа мәліметтерді белгіленген кезде Ұлттық банкке және жергілікті атқарушы органдарға қосымша сұрау салу жібереді.

Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Ұлттық банктен және жергілікті атқарушы органдардан төлем тапсырмаларының көшірмелерінде көрсетілген қарыз алушылардың деректемелерін алғаннан кейін жыл сайын ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін заңды тұлғаларды тіркеу, филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу, азаматтық хал актілері мен апостиль қою, жылжымайтын мүлікке құқықтарды, жылжымалы мүлік кепілін тіркеу, жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық тексеру, заң қызметтері мен лицензиялауды ұйымдастыру саласындағы реттеуші, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын уәкілетті органға және архив ісі және құжаттамалық қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органға:

  • бұйрықтардың көшірмелерін қоса бере отырып, қарыз алушыларды, түпкілікті қарыз алушыларды тарату немесе олардың банкроттығы туралы;
  • қарыз алушының немесе оның құқықтық мирасқорының ұйымдық-құқықтық нысаны, заңды мекенжайы, салық төлеушілердің тіркеу/бизнес сәйкестендіру нөмірі туралы мәліметтерді беру туралы сұрау салу жібереді.

Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ағымдағы жылдың 30 желтоқсанына дейінгі мерзімде "е-Қаржымині" интеграцияланған автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне бюджеттік кредиттер бойынша мерзімі өткен және өтелмеген берешекті растайтын мынадай құжаттарды енгізеді:

  • төлем тапсырмаларының көшірмелері;
  • кредиттік шарттардың және оларға қосымша келісімдердің көшірмелері;
  • қарыз алушыны, түпкілікті қарыз алушыларды тарату немесе банкроттық туралы бұйрықтардың көшірмелері;
  • қарыз алушының қайтыс болуы туралы куәліктердің көшірмелері (олар болған кезде);
  • жылжымайтын мүлікке меншік құқығы (өзге де заттық құқық) туралы куәліктердің көшірмелері;
  • қарыз алушыны, түпкілікті қарыз алушыны банкрот деп тану туралы сот шешімдерінің көшірмелері;
  • кредитордың талаптарын қанағаттандырудан немесе ішінара қанағаттандырудан бас тарту туралы сот шешімдерінің көшірмелері.

Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджет қаражаты есебінен берілген бюджеттік кредиттерді өндіріп алуға үмітсіз деп тану жөніндегі Республикалық комиссияны ( Республикалық комиссия) құрады.

Республикалық комиссияның құрамы мен ережесі бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның шешімімен бекітіледі.

Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы жергілікті бюджет қаражаты есебінен берілген бюджеттік кредиттерді өндіріп алуға үмітсіз деп тану жөніндегі Өңірлік комиссия ( Өңірлік комиссия) құрады.

Өңірлік комиссияның құрамы мен ережесі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органның шешімімен бекітіледі.

Бюджеттік кредиттер бойынша берешекті өндіріп алуға үмітсіз деп тану туралы шешім қабылдау үшін кредиттік шарттардың және қарыз алушыға бюджеттік кредиттер қаражатын аудару туралы төлем құжаттарының, сондай-ақ кредитордың талап-арызын қанағаттандырудан немесе ішінара қанағаттандырудан бас тарту туралы сот шешімдерінің болмауы негіз болып табылады.

Кредитордың бюджеттік кредиттерді өндіріп алуға үмітсіз деп тану туралы шешімінің жобасы республикалық бюджет комиссиясының/ облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссиясының қарауына жіберіледі.

Өндіріп алуға үмітсіз деп танылған бюджеттік кредиттер бойынша берешек кредитордың шешімі және республикалық бюджет комиссиясының/облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) бюджет комиссиясының оң шешімі негізінде есептен шығаруға жатады.

Бұйрық 2025 жылғы 23 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.