Үндістанда апатқа ұшыраған Air India ұшағының орнынан 204 адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Reuters агенттігінің жазуынша, қаза тапқандар арасында ұшақ жолаушылары да, жердегі адамдар да болуы мүмкін – әуе лайнері медициналық колледждің жатақханасына құлаған.

ANI агенттігі Ахмедабад қаласының полиция басшысына сілтеме жасап хабарлауынша, бір адам аман қалған. Ол ауруханаға жеткізілген, қазіргі жағдайы нақтыланып жатыр.

2025 жылғы 12 маусымда Үндістанның Гуджарат штатындағы Ахмедабад әуежайында жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Бортта экипажды қоса алғанда 242 адам болған. Ұшақ Лондонға бағыт алған. Air India әуе компаниясы Boeing 787-8 ұшағындағы жолаушылардың қай елдерден болғанын хабарлады. Кейін әуе кемесінің медициналық жатақханаға құлағаны және сол жерде болған адамдардың зардап шеккені белгілі болды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Премьер-министріне көңіл айту жеделхатын жолдады.

Air India әуе компаниясының ұшағы апатынан қаза тапқандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы 12 маусым күні Zakon.kz сайтына ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.