Үндістанда ұшақ апаты. Әуе лайнері бортында 242 адам болған. Қайғылы оқиғаға байланысты Ахмедабад әуежайында барлық рейстер доғарылды. Мерт болғандардың денелері үйінді астынан шығарылып жатыр. Әзірге 30-35 адамның қаза тапқаны расталып отыр. Премьер-министр Нарендра Моди мәлімдеме жасап, бұл трагедия өзін қатты таңырқатып, қайғыртқанын жазды. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Осыдан бірнеше сағат бұрын «Эйр Индия» компаниясының лайнері апатқа ұшырады. Ұшақ елдің оңтүстігіндегі Ахмедабад қаласының авиациялық терминалынан аспанға көтерілгеннен кейін 5 минут өткенде құлаған. Лондонның «Гатвик» әуежайына аттанған «Боинг 787» бортында 242 адам болды. Олардың 169-ы үндістандықтар, 53-і британ азаматтары, жетеуі португалиялық, біреуі канадалық.
Жергілікті полицияның дерегінше, аса заманауи «Дримлайнер» ұшағы әуежай маңындағы дәрігерлер жатақханасына түскен.
Жергілікті полиция офицері:
Біз бортында жолаушылар ұшағының дәрігерлер жатақханасының төбесіне құлағанын білдік. Полиция мен басқа да органдардың өкілдері бірден, екі-үш минуттың ішінде оқиға орнына жетті. Құтқару операциясы жалғасып жатыр, аумақтың 70-80 пайызы тазартылып болды.
Ұзақ сапарға арналған авиалайнерлерге әдетте отын көп құйылады. Сондықтан өрт қатты болды.
Ахмедабад әуежайының әуе тасымалдарын бақылау қызметінің хабарлауынша, жолаушылар «Боингы» жергілікті уақытпен түскі сағат 1-ден 39 минут кеткенде апат туралы белгі берген. Содан кейін 171-ші рейспен арадағы байланыс мүлде жоғалып кетіпті.
«Дримлайнер» 2009 жылы пайда болып, оның мыңнан астам данасы әлем елдерінің әуе компанияларына сатылған. Авиациялық қауіпсіздік желісінің ақпаратына жүгінсек, «Боинг-787» ұшағы тарихта алғаш рет құлап отыр.
Арыстан Рысбек