Caspi Bitum-ның жаңғыртудан кейін өндіріс көрсеткіштері едәуір өсті. Модернизациялау 2024 жылдың қараша айында басталып, биыл мамырда аяқталды, деп хабарлайды 24kz.
Кәсіпорын қазір жобалық жұмыс қуатына шықты. Мәселен бір айда 99 мың тоннаға жуық мұнай өңделген. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 12,5%-ке артық. Сонымен қатар 38 мың тонна жоғары сапалы жол битумы өндірілді. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы және CITIC Group-тың бірлескен кәсіпорнының қазіргі тыныс-тіршілігі қандай?
Caspi Bitum-ды жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асты. Өз кезегінде битум өндірісі 1,5 есеге дейін ұлғайды. Мысалы, мамырда былтырғы жылдың сәйкес кезеңмен салыстырғанда 22%-ке артық битум өндірілді. Сәйкесінше, дайын өнімнің көлемі де артты. Сәуірде аймақтарға 7,5 мың тонна, ал мамырда 39,5 мың тонна битум жөнелтілді. Осы айда 60 мың тонна жіберіледі.
Талғат Мұқанов, «Caspi Bitum» БК» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары:
- Қазақстанның кез келген түкпіріне битумды жөнелтеміз. Қуаттылығы арттырылған кейін біздің мүмкіндігіміз өсті. Мысалы, біз 40% ішкі нарықтың үлесін алатын болсақ, қазіргі таңда оны арттыратын ойымыз бар. Шамамен 50% дайын алатын мүмкіндігіміз бар. Өйткені зауытымыз жаңа. Автоматтандырылған.
Жаңғырту кезінде мұнайды бастапқы өңдеуге арналған негізгі қондырғы жаңартылды. Биіктігі 40 метр, салмағы 140 тонна болатын вакуумдық бағана орнатылды. Жаңа пеш іске қосылып, 24 сорғы мен 20 жылу алмастырғыш монтаждалды. Осындай ауқымды жұмыстың арқасында кәсіпорын импортқа тәуелділікті азайта отырып, ішкі нарықты сапасы жоғары отандық битуммен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік алды.
Гүлшара Тұрманова, «Caspi Bitum» БК» ЖШС орталық зертханасының басшысы:
- Орталық зауыт зертханасында битумның СТ 1373 нормативтік-техникалық талаптарына сәйкестігі 11 индикатор бойынша талданады. Барлық қорытындылар оң көрсеткішті көрсеткен жағдайда белгіленген үлгідегі сапа сертификаты беріледі.
Бүгінде зауыт жылына 1,5 млн тонна мұнай өңдеп, 750 мың тонна жол битумын өндіруге қауқарлы.
Естеріңізге сала кетейік, Caspi Bitum-ды модернизациялау жоспарлы мерзімінен 1 ай ерте аяқталды. Бұл жоба «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен CITIC Group арасындағы тиімді стратегиялық серіктестіктің айқын нәтижесі.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев