Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіровтің төрағалығымен қытайлық инвесторлармен кездесу өтті.
Zhonghe Yuǎnjǐng (Чэнду) қытай компаниясы қазақстандық серіктестерімен бірлесіп, Ұлытау облысына шамамен 10 миллиард теңге көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Компания өңірде бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Олардың қатарында қызыл кірпіш өндіретін зауыт құрылысы, глина мен құмды-қиыршық тас қоспаларын өндіру, сондай-ақ Жезқазған қаласында тұрғын үй кешендерін салу (оның ішінде реновациялық жобалар да бар) көзделген.
Инвесторлар Ұлытау облысының әлеуетімен танысып, Талап ауылындағы бос жер учаскелерін зерттеді. Қазіргі уақытта қызыл кірпіш зауытына арналған жер телімін рәсімдеу және пайдалы қазбаларды өндіруге лицензия алу мәселелері қарастырылуда.
Zhonghe Yuǎnjǐng компаниясы өңірде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға айрықша қызығушылық танытып отыр. Облыс әкімдігі бұл серіктестікті жергілікті экономиканы нығайту мен жаңа жұмыс орындарын ашуға серпін беретін ұзақ мерзімді әріптестік деп бағалайды.