Күн — елдің тынысы
Бөлімдер
Жаршы

Тікелей эфирдегі той: Сәкен Майғазиев халықтан түскен қаражаттан салық төлеуі тиіс

Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті әнші Сәкен Майғазиевтің ақылы форматта өткізілген үйлену тойына қатысты пікір білдірді.

Белгілі болғандай, өнер иесі ұлының тойын онлайн режимде тамашалағысы келетіндерге арнайы жабық Telegram-арна ашып, оған жазылу бағасын 1380 теңге деп белгілеген. Бұл – қазақ қоғамындағы алғашқы ақылы онлайн-той ретінде тіркеліп отыр.

Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, Қазақстан заңнамасына сәйкес, кез келген тұлғаның салық міндеттемесі оның заңды мәртебесіне, таңдалған салық режиміне және табыс көзіне тікелей байланысты.

– Бұл жағдайда онлайн-тойға қатысу үшін ақы алу – кәсіпкерлік қызмет болып саналады. Егер ұйымдастырушы жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелген болса, ол бұл табысты заңда көрсетілген тәртіппен декларациялап, табыс салығын төлеуі қажет, – делінген комитеттің ресми жауабында.

Заңға сәйкес:

  • Егер той ұйымдастырушысы шағын бизнес субъектісі ретінде арнайы салық режимін қолданса — 3% салық төлейді;
  • Жеке кәсіпкер ретінде жалпы тәртіппен жұмыс істесе — 10% мөлшерінде табыс салығын төлейді;
  • Ал заңды тұлға болса — табысының 20%-ын салық ретінде өтеуі тиіс.

Осындай салық салу тәртібі жалпы салтанатты іс-шараларды ұйымдастырумен айналысатын кәсіп иелеріне де қолданылады. Бұл санатқа мейрамхана мен банкет залдары, асабалар мен әртістер, музыка және би ұжымдары, іс-шара аясында қызмет көрсететін өзге де кәсіпкерлер кіреді.