Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстан Республикасының Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді.

Мемлекет басшысы Қарулы Күштердің жоғарғы қолбасшылығының алдына қойылған негізгі міндеттерді атап өтті. Атап айтқанда, басқару жүйесін және әскери құрылымдарды жетілдіру, әскери қызметтің кадрлық резервін қалыптастыру, Арнайы операциялар күштері мен аумақтық қорғаныс жүйесін дамыту сынды бағыттар бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар Қарулы Күштерді цифрландыру және олардың қызметінде жасанды интеллектіні тиімді пайдалану қажеттігі айтылды.

Жиын барысында әскери қызметшілер үшін қолайлы жағдай жасау, олардың кәсіби біліктілігін арттыру және қойылатын талаптарды күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Президент сарбаздардың өмірі мен денсаулығын қорғау – барлық деңгейдегі қолбасшылықтың тікелей жауапкершілігі екенін қадап айтты.