Голливудтың аты аңызға айналған актёрі, үш мәрте «Оскар» жүлдесіне үміткер болған Том Круз ерекше жетістікке қол жеткізді. Ол қауіпті трюктері арқылы рекорд орнатып , Гиннестің рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Батыл мінезі мен экрандағы тартымдылығымен танылған актёр «Mission: Impossible» фильмі арқылы көрермендердің жүрегін жаулап үлгерген. Этан Хант рөлін сомдаған Круз биік ғимараттарға өрмелеп, жардан мотоциклмен секіріп, тіпті ұшақтың бүйіріне жабысып ұшқан көріністерді өзі орындаған. Нағыз экшн жанкүйерлері жақсы білетіндей, Том Круз фильмдердегі барлық трюктерді дублерсіз өзі жасайды. Ол тіпті Burj Khalifa-ға өзі өрмелеп шыққан және винтаж ұшақтан ілініп ұшқан.

Актёрдің трюктерге деген адалдығы «Mission: Impossible – The Final Reckoning (2025)» фильмінде жаңа деңгейге көтерілді. Бұл жолы Том Круз жанармайға малынған және өртке оранған парашютпен тікұшақтан 16 рет секіріп, әр секірістен кейін өртенген парашютті кесіп тастап, резервтік парашютті ашқан. Бұл теңдессіз ерлік үшін ол «Өртке оранған парашютпен секіру бойынша әлемдік рекорд» номинациясы бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енді. Рекорд ресми түрде 2025 жылғы 4 маусымда тіркелді.

Том тек экшн-фильмдердің кейіпкері емес – ол нағыз өмірдегі экшн қаһарманы. Оның табысының құпиясы – шынайылыққа ұмтылу мен басты рөлдегі шектеулерді бұзуға деген ерік-жігерінде. Біз оның ештеңеден тайсалмайтын батылдығын ресми түрде мойындауға қуаныштымыз, – деді Гиннестің рекордтар кітабының бас редакторы Крэйг Глендэй.

Айта кетейік, Том Круз әуе трюктеріне бұрыннан машықтанған. 2018 жылы шыққан Mission: Impossible – Fallout фильмінде ол экранда алғаш рет HALO әдісімен (жоғары биіктіктен – 25 000 футтан – секіріп, төменде – 2 000 футтан кейін парашют ашу) секірген актёр болды. Бұл – әскери құпия миссиялар кезінде жиі қолданылатын тәсіл.