Америкалық кәсіпкер Илон Маск бір күнде 34 миллиард доллар жоғалтты. Бұл туралы 6 маусымда Bloomberg агенттігі мәлім етті.
Осылайша, Масктың қазіргі байлығы 334,5 миллиард доллар деп бағаланып отыр. Дегенмен, ол әлемдегі ең бай адам мәртебесін сақтап қалды. Алайда 2025 жылдың басынан бері кәсіпкердің жалпы шығыны 97,9 миллиард долларға жеткен.
Маск 3 маусым күні АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің ұсынған жаңа бюджет жобасын қатты сынға алып, оны "жиіркенішті құжат" деп атады. Оның пікірінше, бұл жоба бюджет тапшылығын 2,5 трлн долларға дейін ұлғайтып, қарапайым америкалықтардың мойнына орасан зор қарыз жүгін артады.
Оған жауап ретінде Трамп 5 маусымда Масктың мәлімдемелеріне реніш білдіріп, кәсіпкердің электромобильдерге берілген субсидиялардың жойылуына наразы екенін меңзеді.
Кейінірек Маск танымал блогер Ян Майлз Чонгтың бастамасын қолдап, Трампқа импичмент жариялап, оның орнына вице-президент Джей Ди Вэнсті тағайындау идеясын құптады. Сонымен қатар, ол қазіргі президенттің аты-жөні "Эпштейн файлдарында" кездесетінін мәлімдеді.