СҚО-да астық қабылдау орнынан күнбағыс, бидай және зығыр дәндерін ұрлаған үш азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Олардың бірі қылмыстық құрамның болмауына байланысты ақталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Петропавл қалалық сотында алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде ұрлық жасады деген айыппен үшеудің ісі қаралды.
Сотта сотталушы М. ЖШС астық қабылдау пунктінің меңгерушісі бола тұра, 2024 жылғы 31 мамырдан 1 маусымға қараған түні және 2024 жылғы маусымның 4-нен 5-не қараған түні Б-мен алдын ала келісіп, күзетші О-ны түнгі уақытта аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдарын тиеу үшін жүк көліктерінің кіретінін ескертіп, күнбағыс, бидай және зығыр дәндерін ұрлағаны анықталды. Келтірілген материалдық шығын көлемі 34 миллион теңгеден асады.
Сотта сотталушылар кінәларын мойындамады және өздерін ақтауды сұрады.
"Сот үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып, әрқайсысына 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. О. әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты кінәсіз деп танылып, ақталды", делінген сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Басқарма төрағасы орынбасарының қылмысы әшкереленгені аян болды.