Бұл туралы 2025 жылғы 3 маусымда Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл мәлімдеді.
Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтар арасындағы аударымдарды бақылауға қойылған 1 миллион теңге шегінің не себепті енгізілгенін түсіндірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазақстанда қарапайым азаматтар арасындағы ақша аударымдары бақылауға алына бастады. Егер сіз үш ай ішінде басқа адамдардан жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асатын ақша алсаңыз, мемлекет бұл қаржының қайдан келгенін және сіз немен айналысып жатқаныңызды сұрауы мүмкін. Мұндай жағдайда адам заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып жатыр деп күдіктеліп, тиісінше салық төлеуден жалтару фактісі тексерілуі мүмкін.
"1 миллион теңге – бұл үш дәйекті күнтізбелік айдағы сома. Айына шамамен 330 мың теңге. Бұл сома Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдерімен аударымдар туралы репрезентативтік деректер негізінде белгіленді. Олар бұл соманы қауіпсіз деп есептейді. Бұл шешім Экономикалық саясат кеңесінде қарастырылды. Мұндай бастама көтеріліп, шешім әлі де талқылану үстінде. Менің ойымша, бұл біздің органдар тарапынан дұрыс шешім", – деді Дәурен Кеңбейіл.