Тараптар тау-кен металлургия кешенін дамыту және инвестиция тарту мәселелерін талқылады.


Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Дүниежүзілік банктің Қазақстан және Түрікменстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнёвпен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттер аясында тау-кен металлургия кешенін дамыту мәселелері қаралды.

Сондай-ақ Дүниежүзілік банктің "Қазақстандағы тау-кен өнеркәсібіне инвестиция салу шарттарын бағалау" атты есебінің жобасы таныстырылды. Құжатта 2023 жылдан бері салада жүзеге асырылған өзгерістер қамтылған.

Дүниежүзілік банк Қазақстанның тау-кен металлургия кешені мен қайта өңдеу секторын дамыту бағытындағы жұмысына оң баға беріп, экономиканы әртараптандыру және тұрақты өсімді қамтамасыз ету үшін реформаларды жалғастыру мен инвестиция тарту жөнінде ұсынымдар ұсынды.

"Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Дүниежүзілік банк арасында тау-кен металлургия кешені саласындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша белсенді түрде бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Біз өзара қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймыз және оларды одан әрі нығайтуға ниеттіміз", – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Кездесу барысында министр Андрей Михнёвті 11–12 маусым күндері өтетін Astana Mining and Metallurgy халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды.

Кездесу қорытындысында тараптар өзара ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласты әрі "Қазақстан тау-кен өндірісісекторының 2045 жылға дейінгі экономикалық тиімділігіне қатысты кешенді болжамдар" бойынша Дүниежүзілік банкпен бірлесе макроэкономикалық талдау жүргізуге мүдделі екендерін растады. Сондай-ақ Қазақстан мен Дүниежүзілік банк арасындағы тау-кен металлургия кешенін дамыту жөніндегі өзара әріптестік құжаты талқыланды.