Кәсіпкер аталған шараны жергілікті атқарушы органға алдын ала хабарламаған.

Оқиға кеше, 1 маусым балалар мерекесіне орай ұйымдастырылған. 29-шағын ауданда орналасқан "Abu Baby" балалар киім дүкенінің иесі азық-түлік пен сыйлықтарды тегін таратқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Соған байланысты тұрғындар көп жиналып, бір-бірін қысып, тапталып қала жаздаған. Балалар адасып, қоғамдық тәртіп бұзылған.

"Сондықтан дүкен иесіне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-1 бабына сәйкес (қоғамдық іс-шараны хабарламай не келісім алмай өткізу) 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады", – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, азаматтардың жаппай қатысуымен өткізілетін кез келген іс-шаралар, соның ішінде қайырымдылық акциялары, азық-түлік пен сыйлықтарды тарату сынды іс-шаралар қоғамдық орындарда өткізілетін жағдайда, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, тиісті елді мекеннің әкімдігімен міндетті түрде алдын ала келісілуі қажет.