Автотұрақ роботы мен «ақылды» бағдаршамдар. Жол қауіпсіздігін арттыруға арналған жаңа технологиялар Оңтүстік Кореяда кеңінен таныстырылды, деп хабарлайды 24kz.
Зияткерлік көлік жүйелері жөніндегі Азия-Тынық мұхиты аймақтық бас ассамблеясында арнамыздың тілшісі де болып қайтты.
Владислав Цой әңгімелейді.
- Көрмедегі ең кішкентай экспонат – сағыз. Ол жүргізушіге ұйқы ашуға көмектеседі. Ал егер апат бола қалса, өміріңізді қауіпсіздік белдігі құтқара алады. Оның жұмысы арнайы стендте көрсетілді. Автокөлік ішіндегі жолаушылармен бірге аударылып, жол-көлік оқиғасы шынайы бейнеленді. Тағы бір тренажер көліктің алдыңғы соқтығысуын көрсетті. Дегенмен, келушілердің негізгі назары автотұраққа көлік қоюшы роботта болды. Жүргізуші көлігін тек тұраққа дейін жеткізсе жеткілікті, әрі қарай «ақылды» құрылғы оны бос орынға қойып береді. Көрмеде жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрылғылар да таныстырылды.
Бұл жол белгісі жаяу жүргіншіні көліктің қағып кетуінен құтқара алады. Ол әдетте реттелмейтін жол қиылысына орнатылады. Адам жолға жақындаған сәтте жүздеген метр қашықтықтан көрінетін шамдар жанады.
Лим Сон Хун, «Seoul Robotics» компаниясының менеджері:
- Біздің лидар-сенсорлар көлік, адам және мотоциклдер туралы ақпаратты өңдеп, навигациялық қосымшаларға жібереді. Бұл шешімді «ақылды қала» жобаларында қолдануға болады.
Көрмеге қатысушыларға кооперативтік зияткерлік көлік жүйесіне қосылған автожолмен жүруге мүмкіндік берілді. Автокөлікке және жол бойындағы бағаналарға орнатылған сенсорлар арқылы көлік пен инфрақұрылым нысандары ақпарат алмасады. Жүйе жүргізушіні жол-көлік оқиғасы, кептеліс немесе ауа райының нашарлауы жөнінде алдын ала ескертеді.
Хо На Юн, Корея Республикасының жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің департамент директоры:
- Зияткерлік көлік жүйелерін пайдалану ел бойынша қозғалыс жылдамдығын орта есеппен 8%-ке арттырды. Сонымен қатар Оңтүстік Кореяда шұғыл қызмет көліктері өтіп бара жатқанда бағдаршам автоматты түрде жасыл жанатын жүйе іске қосылады. Соның арқасында науқастарға жету уақыты 40%-ке қысқарды.
Жаңа зияткерлік көлік жүйелері жүргізушісіз көліктерді коммерцияландыруға дайындық аясында енгізіліп жатыр. Оңтүстік Кореяда жүргізушісіз көліктер екі жылдан кейін жолға шыға бастайды.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян