Күн — елдің тынысы
Бөлімдер
Жаршы

Елімізде мектеп бітіру кешін мейрамхана мен табиғат аясында өткізуге тыйым салынды

Еліміздің мектептерінде 2025–2026 оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл 215 мыңнан түлек мектеп бітіреді. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, табиғат аясында өткізуге тыйым салынатынын ескертті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл оқу жылын 3,9 млн-нан астам оқушы аяқтайды. Оның ішінде 215 мыңнан астамы – 11-сынып түлектері.

Оқу жылының қорытындысы бойынша 9-сыныпты 31 мыңнан астам оқушы үздік аяқтайды деп күтіліп отыр. Ал 11-сыныпты үздік аяқтауға 18 мың оқушы – үміткер. Бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етуде.

Ведомство өкілдерінің хабарламасына сәйкес, оқу жылының аяқталуына орай 25 мамырда еліміздің мектептерінде “Білімім – Отаныма!” тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Сынып сағаттарында оқу жылы қорытындыланып, оқушылардың жетістіктері мен жарқын сәттері еске алынады. Сондай-ақ оқушыларға жазғы каникул кезінде оқуға ұсынылатын әдебиеттер тізімі таныстырылады.

Осы орайда Оқу-ағарту министрлігі ведомство мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынатынын ескертті.

“Ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан салтанатты іс-шараларға байланысты ақша жинауға, сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді. Ал аттестаттар мен дипломдарды салтанатты табыстау рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады”, — делінген хабарламада.

Министрлік пен жергілікті әкімдіктердің бірлескен бұйрығы білім алушылар арасында мектеп бітіру іс-шараларын өткізу кезіндегі қауіпсіздік пен қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ білім беру ұйымдарында “Заң мен тәртіп” идеологиясын нығайтуды көздейді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз