Алматыда нан бағасын тұрақтандыру туралы келісім жасалды.
Алматы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен "Алматынан" арасында әлеуметтік нан өндіру және өткізу жөнінде келісім жасалды.
Келісім аясында бірінші сұрыпты ұннан дайындалатын жалпы көлемі 3 846 154 бөлке бидай наны сатылады. Бір бөлке нанның босатылу бағасы 130 теңге болып белгіленген. Ал сауда үстемесі 15%-дан аспауға тиіс.
Әкімдік мәліметінше, кейбір дүкендер мен сауда желілері өнімді үстемесіз де сатуы мүмкін. Әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру шаралары 2027 жылғы мамырына дейін жалғасады. Өнім ірі супермаркеттер мен шағын азық-түлік дүкендерінде қолжетімді болады.
Сонымен қатар Алматыда әлеуметтік маңызы бар өзге де азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл шараларды Алматы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, жұмыртқа, құс еті және қант бағасын тұрақтандыруға ерекше көңіл бөлінген.
Мәселен, Сары-Бұлақ құс фабрикасымен бірінші санаттағы 86,4 млн жұмыртқаны белгіленген бағамен жеткізу туралы келісім жасалған. Бір жұмыртқаның бағасы 59 теңгеден аспайды. Өнім Magnum, Small, Metro, A-store сауда желілерінде және Алатау-құс дүкендерінде сатылады. Сондай-ақ "Алатау-құс" және Nauryz Agro KZ компанияларымен құс еті бағасын тұрақтандыру жөнінде келісімдер жасалған.
Қазіргі таңда "Алатау-құс" фирмалық дүкендерінде сан еті мен жілігі 1 келісі 1100 теңгеден, ал сирағы 1650 теңгеден сатылып жатыр. Ал Nauryz Agro KZ компаниясымен сан еті мен жіліктің бағасы 1 келісі үшін 1300 теңге деңгейінде бекітілген. Бұл өнімдерді Magnum Cash&Carry сауда желісінен 1495 теңгеден аспайтын бағамен сатып алуға болады. Бағаны тұрақтандыру мерзімі үш жылға дейін қарастырылған.
Оқи отырыңыз: Нұрлыбек Нәлібаев Алматы әуежайындағы құрылыс қарқынын сынға алды