Елде Дүниежүзілік фиджитал ойындарына қызу дайындық басталды, деп хабарлайды 24KZ. Келер жылы өтетін халықаралық додаға 100-ден астам елден командалар қатысып , 13 сайыс түрінен сынға түседі деп жоспарланған. Ауқымды іс-шараға дайындық барысы Дубайда өткен «World phygital» саммитінде пысықталды.

Алқалы жиынға қазақстандық ұйымдастыру мекемесінің өкілдері қатысып, қолға алынған ілкімді істер турасында мәлімет берді. Жаңашыл жарыс шынайы және виртуалды спорт бәсекелерін қамтиды. Қатысушылар кибер кеңістікте ғана емес, арнайы алаңда да шеберлік байқасады.

Еске салайық, Қазақстан «Болашақ ойындарын» өткізу құқығын ресми түрде былтыр иеленген болатын. Ұйымдастыру шараларына Туризм және спорт министрлігі жанынан құрылған ұйым жауапты. Бір қызығы, сайыс түрлерінің қатарына алдағы уақытта бокс қосылуы мүмкін. Бастаманы жүзеге асыру үшін еліміз түрлі дәрежеде келіссөз жүргізіп жатыр.

Ержан Шакеев, «Болашақ ойындары» турнирін ұйымдастыру және өткізу дирекциясы департаментінің басшысы:

- Біріншісі Қазан қаласында өтті. Екіншісі, міне, Абу Дабиде өтейін деп жатыр осы жылы және 2026 жылы жазда Астанада үшінші фиджитал ойындары өтеді. Кем дегенде 16 команда әр диспицлинадан қатысады. Қандай мемлекеттерден келетіні іріктеу кезеңінен кейін белгілі болады. Ең мықтылары ғана біздің қаламызға келеді.

Дениэль Мерклей, «World Phygital Community» ұйымының басқарушы директоры:

- «Phygital international» ұйымының делегациясы құрамында былтыр Астанаға барып, спорттық нысандарды бағамдап қайтқанбыз. Сол кезде болашақтың ойындарына кешенді дайындық жүріп жатқанына көз жеткіздік. Қазақстан тарапы бұған бар күш-жігерін салып жатыр. Елде халықаралық маңызды талай дода өткен. Бұл іс-шара да жоғары деңгейде ұйымдастырылады деп ойлаймын.