Баланы қорлау, ұрып-соғу, қоғамдық орында итеріп жіберу, тіпті автобустан түсіріп тастау сияқты жағдайлар жиі кездеседі.

Елімізде 7 миллионға жуық бала бар. Олардың құқықтарын, білім алуын және тәрбиесін қорғау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Ал балалар құқығы қалай қорғалып келеді? Қандай мәселелер әлі де өзекті? Неге суицид азаймай тұр? Caravan.kz медиа порталының тілшісі анықтап көрді.

Статистика және шынайы жағдай

25 қараша күні Астанада жоғалып кеткен оқушы қызды іздеу жұмыстары аяқталды. Өкінішке қарай, қыздың денесі Есіл өзенінен табылды. 24 қараша күні кешке анасы полицияға қыздың шамамен 18:30-да үйден шығып кетіп, байланысқа шықпай жатқанын хабарлаған. Полиция қызметкерлері мен еріктілер дереу іздеу жұмыстарын бастап, жақын маңдағы аумақтарды және жағалауды түгел тексерген.

Куәгердің айтуынша, қыз таңғы алты шамасында көпірден өзенге секіріп кеткен. Бірнеше сағатқа созылған іздеу нәтижесінде оның денесі судан табылды.

Бұған дейін Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының қызметкерлері өңір балалар суициді бойынша үшінші орынға шыққанын хабарлаған болатын. Мұндай жағдайлардың өсу қарқыны үрей туғызады – 148%.

Прокуратураның пікірінше, білім беру органдары балалар суицидінің алдын алу жұмысын өте нашар орындап жатыр. Одан бөлек балалардың өмірін қорғау жолдарын талқылаған жиында мемлекеттік органдар толық дәрменсіздік танытқан.

Менталдық денсаулық

2025 жылдың шілдесінде ranking.kz порталы статистиканы жариялады. Қазақстан менталдық денсаулық индексі бойынша әлемдік рейтингте 83 елдің ішінде 76–78 орындарды Бразилия және Оңтүстік Африкамен бөлісті.

Сарапшылардың айтуынша, менталдық денсаулыққа тән мәселелердің қатарына алаңдаушылық пен қорқыныш, орынсыз немесе жағымсыз ойлардың мазалауы, тұйықтық пен айналадан оқшаулану, кінә мен өзін кінәлау сезімі, көңіл-күйдің түсіңкі болуы немесе шарасыздық, көңіл күйдің күрт өзгеруі, сондай-ақ ауыр естеліктер жатады.

Дәл осы себептерден балалар суициді мәселесі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. 2024 жылы суицидпен аяқталған жағдайлар азайғанымен, өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің саны өскен.

Мемлекеттік бағдарлама

2025 жылдың ақпанында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин 2024 жылы қабылданған мемлекеттік шаралар Қазақстандағы балалар суициді жағдайларын төмендетуге ықпал еткенін мәлімдеді.

Атап айтқанда:

​- Мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтардың кадрлық құрамы күшейтілді.

​- Балаларға арналған психологиялық қолдау орталықтары құрылды.

​- Оқу орындарына көмекке жедел жүгінуге мүмкіндік беретін 111 қызметінің QR-коды енгізілді.

​- ​«Кибербақылау» жүйесі интернеттегі қауіпті контентті анықтап, жояды.

Бұл шаралар 2024 жылы балалар арасындағы аяқталған суицид жағдайларының төмендеуіне ықпал етті. Ресми мәліметтер бойынша:

​- 2023 жылы – 204 жағдай;

​- 2024 жылы – 175 жағдай.

Жыл ішіндегі төмендеу шамамен 15%-ды құраған.

Ал 2025 жылдың алғашқы 10 айында 160 суицид тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 жағдайға артық. Толық статистика 2026 жылдың басында белгілі болады.

Сонымен қатар, өз-өзіне қол жұмсау әрекеттер де есепке алынады. Бұл көрсеткіш бойынша 2024-жыл ауыр болды.

​- 2023 жылы – 376;

​- 2024 жылы – 453.

Жылдық өсім 20%-дан асады.

2025 жылдың 10 айында 322 суицид әрекеті тіркелген, бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10-ға кем.

Өңірлік статистика

Мемлекеттік бағдарламаны аймақтар әртүрлі деңгейде жүзеге асырып келеді. Омбудсмен институты өңірлік деңгейде салыстырмалы түрде жақында құрылған. Павлодар облысының балалар омбудсмені Сәуле Шакенееваның айтуынша, өңірлік балалар омбудсмендер туралы заңға өзгерістер 2024 жылдың 15 сәуірінде Президент жарлығымен толық бекітілген. Бұл құжат «Баланың құқықтары туралы» заңға өзгерістер енгізіп, өңірлік уәкілдердің өкілеттіктерін нақтылап берді.

Бұл интитут 2016 жылы құрылды. Бірақ, тек соңғы үш жылда белсенді жұмыс істей бастады. 2023 жылы Мемлекет басшысы Динара Зәкиеваға Республикалық балалар омбудсмені өкілеттігін тапсырғаннан кейін көптеген заңдар жаңарып, жаңа нормалар қабылданды.

«Мәселен, Әкімшілік кодекстің 127-1 бабында буллинг пен кибербуллинг үшін жауапкершілік алғаш рет енгізілді. Сонымен қатар, 2024 жылы «жеңіл дене жарақаты» және «ұрып-соғу» секілді баптар Әкімшілік кодекстен Қылмыстық кодекске ауыстырылды», — дейді Павлодар облысының балалар омбудсмені Сәуле Шакенеева.

Маманның айтуынша, әр жарты жылда жаңа заң қабылданады. Бірақ заң қабылдау жұмыстың тек бір бөлігі ғана. Ең бастысы осы нормалардың нақты мектепте, ауылда, көшеде, әр отбасында дұрыс орындалуын қамтамасыз ету.

«Өкінішке қарай, қоғамда әлі де «баланы ұру қалыпты» деген түсінік бар. Баланы қорлау, ұрып-соғу, қоғамдық орында итеріп жіберу, тіпті автобустан түсіріп тастау сияқты жағдайлар жиі кездеседі. Біз балаларды қорғауға барымызды салсақ та, олар түбінде қорғансыз болып қалады», — дейді маман.

Осы ретте 24 қараша күні болған оқиғаны еске сала кетейік. Семейде түнде кондуктор кішкентай баланы автобустан түсіріп жіберген. Анасының айтуынша, балаға осыншама қатігездік таныту дұрыс емес. Абай облысының полиция департаменті №22 бағыттағы автобуста болған оқиғаға қатысты тексеріс нәтижесін жариялады.

Семейде кәмелетке толмаған жолаушы жолақысын уақтылы төлей алмаған, себебі телефоны интернетке қосылмаған. Баланың байланыс қалпына келгенше күтуін сұрауына қарамастан, кондуктор оны түн мезгілінде күштеп түсірген.

Полицияның мәліметінше, оқиға 24 қараша 2025 жылы болған. Жасы он алтыға толмаған, ата-анасыз жалғыз келе жатқан баланы қоғамдық көліктен түсіру – тасымалдау ережелерінің тікелей бұзылуы. Полиция департаменті кондуктордың әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынғанын мәлімдеді.

Ведомство мұндай әрекеттердің жол жүру талаптарына қайшы екенін атап өтті. Тасымалға қатысты профилактикалық жұмыс басталып, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын күшейту талап етілді.

Тағы бір оқиға кеше орын алды. Алматыдағы тұрғын үй кешені ауласында ер адам ойнап жүрген баланы тепкен. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.Содан кейін қала полициясы ер адам ұстады. Алатау ауданы полиция басқармасында қылмыстық іс қозғалды. Ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Полицияның ұстанымы айқын: балаларға қатысты мұндай әрекеттерге жол берілмейді және олар заң аясында қатаң түрде тоқтатылады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында», — делінген ресми хабарламада.

Омбудсменнің айтуынша, мұндай оқиғалар жиі болып тұрады. Бұл өте аянышты. Сондықтан әр өңірдегі уәкілдер тәулік бойы байланыста. Кез келген бала, ата-ана, мұғалім немесе көрші олардың WhatsApp-ына жаза алады.

«Бірде-бір бала көмексіз қалмауы тиіс», — дейді маман.

«Отбасы және балалар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлмира Құрманғалиеваның айтуынша, мемлекеттік органдармен бірлесе жүмыс істеу өте маңызды.

«Себебі ата-аналар қандай да бір проблемамен келгенде, нақты шешім күтеді. Ал балалар мен отбасыларға психологиялық, әлеуметтік, медициналық немесе құқықтық қолдау мемлекеттік құрылымдар арқылы беріледі. Омбудсменнің миссиясы осы жұмысты үйлестіру, яғни проблема жабық күйінде қалып кетпеуін қадағалау», — дейді маман.

Сауле Шакенееваның ханымның айтуынша, көп балалар өз сезімдерімен жалғыз қалады.

«Олар инстаграмдағы бейтаныс адамға жасырмай сырларын ақтарады. Бұл ең алаңдататын жайт. Көбінің отбасы толық, материалдық жағдайы жақсы, бірақ олар өзін жалғыз сезінеді. Психологқа бармайды, ата-анасына айтуға қорқады немесе сенбейді», — дейді маман.

Павлодар облысында 700-ге жуық отбасы «тәуекел тобында» тұр. Омбудсменнің айтуынша, тек әлеуметтік жағдайы төмен немесе алкогольге тәуелді ата-аналар ғана емес, ажырасқан, жалғызбасты, жаңа отбасын құрған ата-аналардың да балалары тәуекел тобына кіреді. Өйткені кез келген өзгеріс баланың психикасына салмақ салады.

«Баланың құқықтарын қорғау тек зорлықты болдырмау емес. Мысалы, инклюзиядағы баланы мектепке кіргізбеудің өзі құқық бұзу. Бұл да омбудсмен араласуын қажет ететін жағдай», — дейді маман.

Алдын алу шараларының ең тиімдісі — ашық түсіндіру, тікелей диалог орнату. Омбудсмендер мектептерге барып, балалармен сөйлеседі, соттағы нақты істерді мысал ретінде көрсетеді. Тікелей эфирлер жүргізіп, ата-аналарға да ақпарат береді. Көп ауылдар мен аудандар арнайы шақырады.

2025 жылдың 10 айында кәмелетке толмағандар арасындағы ең көп суицид төмендегі өңірлерде тіркелді:

— Түркістан облысы – 30 (2024 жылғы 10 ай қорытындысы – 30);

— Жамбыл облысы – 16 (Алматы облысы – 18);

​- Алматы қаласы – 12 (Шымкент – 13).

Ең аз жағдай тіркелген өңірлер:

— Ақмола облысы – 3 (2024 жылы Қостанай облысы – 3);

​- Солтүстік Қазақстан облысы және Абай облысы – 2 (СКО және Павлодар облысы – 2);

​- Павлодар облысы және Ұлытау облысы – 0 (Ұлытау облысы – 0).