Қазақстан Ұлттық банкінің деректері бойынша, 2025 жылдың маусым айының соңында елдің сыртқы қарызы 172,8 млрд долларды құрап, жылдық мәнде 3,6%-ға артты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сыртқы қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы 56,6%-дан 59,2%-ға дейін өсті. Бұл экономиканың өсу қарқынына қарағанда қарыз алудың жылдамырақ ұлғаюымен байланысты.

Қарыз құрылымының басты ерекшелігі – оның шикізат секторларына байлануы. Сыртқы міндеттемелердің елеулі бөлігін фирмааралық қарыздар құрайды, олардың үлесі жалпы сыртқы қарыздың 53,6%-ы. Яғни бұл шетелдік негізгі компаниялардың қазақстандағы еншілес ұйымдарына беретін қарыздары.

Салалық талдау бойынша фирмааралық қарыздардың 79%-ы (72,8 млрд доллар) шикі мұнай мен табиғи газ өндіруге тиесілі. Жалпы алғанда, тау-кен өндіру өнеркәсібі сыртқы қарыздың 45,8%-ын құрайды, оның шамамен 42,5%-ы мұнай мен газға тиесілі. Мұндай құрылым Қазақстан экономикасының әлі де шикізаттық сипатта екендігін дәлелдейді.

2025 жылдың маусым айының соңында Ұлттық қордың активтері 60,3 млрд долларды, ал жиынтық халықаралық резервтер 51,8 млрд долларды құрады. Барлығы шамамен 112 млрд доллар немесе ЖІӨ-нің 38%-ы. Резервтер, негізінен, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың қарызын толық жабуға жеткілікті.

Резервтердің жоғары болуына қарамастан, мемлекеттік және квазимемлекеттік қарыздың әрі қарай өсуі елдің шартты қарыздық жүктемесін арттырып, ұзақ мерзімді перспективада бюджеттердің фискалдық мүмкіндіктерін шектеуі мүмкін.