Қазақстанда сиыр етінің келісі 5000 теңгеге жетті. Бағаның күрт өсуі соңғы 1 айда анық байқалған. Өсім көрсеткіші тамызда 1,8%, ал бір жылда 20% қымбаттапты. Бағаның ырыққа көнбеуіне не себеп?
Жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіреді. Екінші тіркес тап қазіргі күнге келіп тұр. Себебі Қазақстанда сиыр етінің бағасы ел тарихындағы ең жоғарғы межеге жетті. Мұның себебін алдымен шаруалардан білмекке Майлан ауылына арнайы бардық. Айдар Нығметов қожалықта ірілі-ұсақты мал басын өсіреді. Жазы-күзі жем-шөп жинайды, ет-шұжық өнімдерін өндіріп отыр. Ал нарықтағы бағаның өсімін шаруа бұрыннан бар деп түсіндірді.
Айдар Нығметов, кәсіпкер:
- Қазіргі күні шаруалар нарықтық пайызбен несие алды. Қолдау шарасы ретінде мемлекеттен де субсидия алды. Бірақ бұл жүйе арасында сәтті жүргізілмегені белгілі. Бөлінген субсудия шаруаларға уақытында жетпей қалды. Бұл да өзінің кесірін тигізіп отыр. Көрші елдерден үлкен сұраныс пайда болды. Тұтынушылар Өзбекстаннан басқа да мемлекеттерден келеді. Әсіресе, жас малдарды сатып алып жатыр.
Сиыр етінің қымбаттағанын министрлік өкілі жоққа шығармады. Бағаның өсуіне бірнеше фактор әсер етіп тұрғанын алға тартты. Алғашқысы — өнімнің өз құнының көтерілуі.
Бағлан Аймырзаев, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары:
- Не себепті қымбаттап жатыр десек, еттің алдымен өзіндік құны қымбаттаған. Бұл жерде өндірістік шығындар артып отыр. Коммуналдық тарифтердің өскенін де білесіздер. Өзіндік құны қазір 2900-3100 теңгеге дейін келеді. Мен бұл жерде бөлшек сауданы айтып отырған жоқпын. Өзіндік құнынан соң шаруа өзі де пайдасын көру керек. 15 пайызын қосады ғой.
Қазір шаруалардың өзі де көл-көсір табыстан қағылып, там-тұмдап отырған көрінеді. Асыл тұқымды малға берілетін субсидияның тоқтауы да тірлікті тұралатқан. Жем-шөп пен жанар-жағар майдың қымбаттауы, сыртқы сұраныс та бағаның бағынбауының бір себебі. Сұраныс демекші, Өзбекстанмен шекара ашылғалы біздің етке тапсырыс көбейіпті. Түріктер де қазақ етінін сүйсініп жейтін, жиі тұтынатындар тізімде екен. Сол себепті де жылқы етіне қарағанда сиырдікі қымбаттау болып тұр.
Бағлан Аймырзаев, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары:
- Өзіміздің қасымызда тұрған Өзбекстанда 6500 теңгеге дейін жетеді еттің бағасы. Тәжікстанда 6500, Ресейде 8000 теңгеге дейін. Түркіменстанда 9000 теңгеге дейін. Түркияда 13 мың теңге.
Нарықтағы құбылмалы бұл жағдайды сарапшы жүйесіздік салдарымен байланыстырды. «Шаруаларға қазір шектеу емес қолдау керек», — дейді.
Бақтияр Өтелбаев, сарапшы:
- Қайта – қайта шектеу қоя бергеннен біз ештене де ұтпаймыз. Мысалы, біз теріге шектеу қойған едік. Соныңда біз теріс нәтижесін көрдік. Сондықтан бұл шектеу қойылған сайын белгілі бір уақытқа ғана нәтижесін береді. Ұзақ мезгілде біз теріс нәтиже көреміз.
Ел егемендік алғанда 9,7 миллион сиыр болыпты. Республика бұл деңгейге әлі күнге жете алмай келеді. Соңғы есеп бойынша шілде айында 8 миллион 699,6 ірі қара мал тіркеліпті. Үкімет алдағы 5 жылда көрсеткішті 12 млн-ға жеткізуді көздеп отыр. Таяуда ғана мал шаруашылығын дамытуға бағытталған тың бастама қолға алынды. Енді шаруаларға 50 млрд теңге көлемінде 5%-дық жылдық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беріледі. "Игілік" бағдарламасы асыл тұқымды ірі қара санын арттырып саланың өнімділігін өсіруге бағытталған.
Авторы: Кәмшат Мұхамеджан