Елде 2030 жылға қарай тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізу керек.
Үкімет бұл мәселеге үлкен көңіл бөліп отыр. Нәтижесінде кейінгі он жылда көрсеткіш 1 пайыздан 25%-ға дейін артқан. Қазір қарапайым халық та қоқысты сұрыптау мәдениетін меңгеріп келеді. Елордадағы дәстүрлі экожәрмеңке соның дәлелі.
Мәди Елубаевты достары табиғат жанашыры деп атайды. Ол қоқысты сұрыптауды жастайынан дағдыға айналдырған. Балаларын да осыған үйретті. Кезекті экожәрмеңкеге жойылуы қиын қалдықтарды алып келген.
Мәди Елубаев, қала тұрғыны:
- Далаға лақтырылған, мысалы, бір монитор, бірнеше гектарды залалдандырады екен. Бір лақтырылған батарейкаңыз бірнеше мыңдаған шаршы метр жерді залалдандырады екен. Соның бәрін ойланып, именно осылай утилизацияға тапсыруды біз жанұямызбен солай шешімге келдік.
Астанадағы экожәрмеңкелер жылына екі рет ұйымдастырылады. Жобаның ауқымы да кеңейіп жатыр. 5 жыл бұрын 150 келі қалдық жиналса, қазір 1 тоннадан асады.
Зере Сейдімбек, ұйымдастырушы:
- Бұл шикізаттарды кәдеге жаратудың екі жолы бар. Біріншісі оларды қайта қолдану. Мысалы үшін қағаз немесе пластик болса, қағазды ерітіп, одан жаңадан бұйым жасай аламыз. Пластикті жуып, тазалап, үгітіп-үгітіп, қайтадан одан жаңадан бұйым жасайтын пластик шығарады. Гранула дейді.
Тегін жәрмеңкенің мақсаты — адамдардың табиғатқа келтіретін зиянын азайту, экосананы арттыру. Волонтёр Балжан Бейбітқызы айтулы іс-шараны асыға күтетін жандар көп дейді.
Балжан Бейбітқызы, волонтёр:
- Пластик, макулатура немесе киім қолданбайтын. Біз оны мұқтаж адамдарға береміз. Немесе адамдар алып келген затты басқа затқа обмен жасай алады. Мұнда бізде ойыншықтар бар, киімдер бар. Кітаптар, техника бар. Немесе көмек боксына мұқтаж адамдарға киім берсеңіздер болады.
Иә, экожәрмеңкеге келушілер қоқысты өткізіп қоймай, оны сұрыптау, шикізатты қайта өңдеуге беру бойынша шеберлік сабақтарын алды. Қыз-келіншектер экокосметиканы дұрыс таңдау жолдарын меңгерді. Ең бастысы, табиғат пен адамның байланысы беки түсті.
Мерей Мұратханқызы, Өрден Жарқын